Accessibility links

"АЭС салып береміз, бірақ оны басқармаймыз". Франция елшісі Сильван Гиогемен сұхбат


Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 19 мамыр, 2025 жыл.
Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 19 мамыр, 2025 жыл.

Қазақстанда атом электр станциясын халықаралық консорциум салады деген Ақорда бұл бірлістікке қай елдің компаниялары кіретінін әлі айтқан жоқ. Қысқа тізімде Франция EDF компаниясы да бар. Ол Қазақстанға қандай модель ұсынып отыр? Азаттық Францияның Астанадағы елшісі Сильван Гиогемен сұхбат құрды.

Француз көліктері, АЭС, заңсыз активтер және Қазақстан. Франция елшісі Сильван Гиогемен сұхбат
please wait

No media source currently available

0:00 0:22:12 0:00

ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЭС БАСТАМАСЫ

– Франция атом энергиясына 1970-жылдары мұнай дағдарысынан кейін басымдық берді. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда алдағы жылдары электр қуатының тапшылығы туындауы мүмкін. Франция мен Қазақстан арасында бұл тұрғыдан қандай ұқсастықтар бар деп ойлайсыз?

– Францияның азаматтық ядролық энергетика саласындағы тәжірибесі мол: 60 жылды қамтиды. Бізде 60 реактор бар. Біз тәжірибемізді Қазақстанмен бөлісуге және өзара ынтымақтастықты дамытуға ынталымыз. Екі ел арасындағы ядролық саладағы әріптестік бұрыннан бар: уран өндіретін ортақ компаниямыз КАТКО жұмыс істейді. Демек, бұл саладағы әріптестікті енді бастап жатырмыз деуге келмейді. Бірақ біз бұл әріптестікті тереңдетуге дайынбыз. Қазақстан өз экономикасын 2060 жылға дейін декарбонизациялауды көздеп отыр. Ядролық энергетикаға ойысу осы мақсатқа жақындата түседі деп сенеміз. Франция бұл маңызды бастаманы қолдауға әзір.

– Президент Тоқаев елде АЭС-ті халықаралық консорциум салады деп мәлімдеді. Қатысушылар қатарында Францияның мемлекеттік EDF компаниясы да бар. EDF-тің консорциум құрамына кіру ықтималдығы қандай?

– EDF компаниясы атом электр станциясы жобасына қатысуға ресми өтінім берді. Қазір Қазақстан үкіметімен осы тақырыпта диалог жүріп жатыр. Әңгіме барысында Франция ұсынысының артықшылықтарын түсіндірдік. Қазақстан халықаралық консорциумға қатысты ресми көзқарасын жариялағаннан кейін, Францияның бұл жобадағы орны анықталады. Содан кейін ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндігі қарастырылады.

Францияның Бельвиль-сюр-Луар қаласындағы АЭС салқындатқышынан шығып жатқан бу. 2021 жылғы қазан айы.
Францияның Бельвиль-сюр-Луар қаласындағы АЭС салқындатқышынан шығып жатқан бу. 2021 жылғы қазан айы.

– Консорциум талқысына қатысты деректерді Қазақстан үкіметі әзірге ашып айтып жатқан жоқ. Сіздіңше, өзара талқы ашық жүріп жатыр ма?

Бұл – ашық әрі түсінікті процесс. Былтыр қазанда өткен референдум нәтижесіне қарасақ, халықтың көбі бұл жобаны қолдап отыр. Кейін жобаға қатысуға ниетті елдер үшін өтінім тапсыру мерзімі белгіленді. Біз өз өтінімімізді жолдадық. Қазақстан үкіметі биыл жазда халықаралық консорциум жайлы жоспарын таныстырады деп күтіп отырмыз. Осы аралықта біз Қазақстан билігімен тұрақты байланыстамыз: олардың сұрақтарына жауап беріп, өзіміз де консорциумға қатысты қажетті мәліметтерді алып отырмыз. Біз үшін бәрі түсінікті.

– Қазір Ресей Түркияда атом станциясын build-own-operate моделімен салып жатыр. Яғни станцияны өзі соғады, оған иелік етеді, басқарады. Франция Қазақстанға қандай үлгі ұсынбақ?

– Біз ұсынып отырған модель бойынша EDF консорциумға технология мен тәжірибе ұсынушы ретінде қатысады. Бірақ кейін станцияны өзі басқармайды. Өйткені станцияны басқару әр егемен елдің өз құзыретіне жатады. Франция станция салып, іске қосылғанға дейін қолдауға дайын. Технологиясын жеткізіп, білімін бөлісіп қана қоймай, инженер мамандарды дайындауға да атсалысады. Біз технологиямызды сатып алған елді жерге қаратпаймыз. Дегенмен, тағы да айтайын, станцияны біз басқармаймыз. Бірақ оны қалай басқаратынын үйретеміз.

Ресей Түркия жерінде соғып жатқан "Аккую" атом электр станциясы. 2023 жылғы сәуір.
Ресей Түркия жерінде соғып жатқан "Аккую" атом электр станциясы. 2023 жылғы сәуір.

– Егер Франция бұл жобада негізгі ойыншыға айналса, жоба құны қандай болмақ?

– Қазір жоба құнын нақты айтуға ерте. Өйткені әлі көп сұрақтың басы ашық. Біріншіден, Франция халықаралық консорциум құрамына кіре ме? Екіншіден, Қазақстан қандай материал мен технологияны сатып алғысы келеді? Қазір бір станция жоспарланғанымен, тағы екі станция салынатыны айтылды. Сондықтан бұған ұзақмерзімді жоспар қажет. Атом электр станциясын салу бірнеше айдың шаруасы емес. Жобаны жоспарлау, жобалау, салу және іске қосуға бірнеше жыл қажет. Шығын көп болатыны белгілі. Бірақ тәжірибеміз көрсеткендей, бұл – тиімді шешім. Себебі атом энергетикасы экономиканы көмірсутектен арылтуға, электр қуатын тұрақты түрде өндіріп, энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.

СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН МЕТАЛДАР ӨНДІРІСІ

– Президент Тоқаевтың Парижге сапары кезінде Қазақстан мен Франция сирек металдар бойынша серіктестікті ұлғайтуға уағдаласты. Биыл мамырда сіз Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасарымен кездесіп, дәл осы мәселені талқылаған екенсіз. Францияны Қазақстанда ураннан бөлек қандай табиғи ресурстар қызықтырады?

– Әуелі біз институционалдық негізде жұмыс істейтінімізді атап өткім келеді. Франция мен Қазақстан әріптестігі – Еуропа Одағы мен Қазақстан әріптестігінің бір тармағы. Былтыр қарашада екі ел үкіметі Парижде жол картасына қол қойып, оны жүзеге асыру басталды. Атап айтқанда, жақында өзіміз Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын бастамақпыз. Қазір француз компаниялары мен Қазақстан үкіметі арасында диалог жүріп жатыр. Сирек кездесетін металдардың маңызы технологияның қарқынды дамуына байланысты үнемі өзгеріп отыр. Біз белсенді түрде келіссөздер жүргізіп жатырмыз және жуырда француз компанияларының Қазақстан жерінде жұмыс істеуді бастайды деп сенемін.

– Геологиялық барлау жұмыстарын қай француз компаниясы жүргізбек?

– Бұл әлі диалогтың басы болғандықтан, нақты компаниялардың атын атай алмаймын. Бірақ Франция мен Қазақстан үкіметтері арасында тұрақты диалог жүріп жатыр. Жуырда Қазақстан премьер-министрімен және Еуроодақ елдерінің өкілдерімен бірлесіп кездесу өткіздік. Жеке компанияларға келсек, Қазақстанда нақты қай компания жұмыс істейтінін әзірге айта алмаймыз.

– Сәуір айында Қазақстан үкіметі Қарағанды облысынан сирек металл қоры табылғанын жариялады. Көп өтпей, сіз сол өңірге барған екенсіз. Бұл екі оқиғаның байланысы бар ма? Сапар кезінде жергілікті шенеуніктермен сирек металдарға қатысты талқы болды ма?

– Қарағандыға француз фильмінің фестиваліне қатысуға және сондағы "Франция альянсы" ұйымының жұмысын қолдауға бардым. Облыс әкімімен кездесу де маңызды мақсаттардың бірі болды. Байқасаңыз, Қазақстан өңірлеріне жиі сапарлаймын. Әр өңірдің басшысымен кездесіп, байланыс орнатуды мақсат етіп келемін. Қарағанды әкімімімен сол мақсатта кездестім. Айта кету керек, Қарағандыға сапарымның сирек кездесетін пайдалы қазбалар кен орнына еш қатысы жоқ. Қарағанды – қазақ тарихы тұрғысынан да маңызды қала. Сол мүмкіндікті пайдаланып, КарЛаг музейіне бардым. Сонымен қатар, Қарағанды медицина университеті мен Сағынов атындағы [Қарағанды техникалық] университетке де бардым. Бұл қалада атқарылатын жұмыс көп. Жақын арада Қарағандыға қайта баруды жоспарлап отырмын.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ

– Батыс инвесторлары көбіне заң үстемдігін ескереді. Франция Қазақстандағы заң үстемдігіне қандай баға береді?

– Ол өте маңызды. Себебі заң үстемдігі бизнес климаттың маңызды бөлігі саналады. Шетелге шыққысы келген компания баратын елдегі тұрақтылық пен мүмкіндікті қатар бағалай білуі керек. Мәселе туындағанда сол заң үстемдігіне сүйене алатыныңа сенімді болуың керек. Заң үстемдігі біздің компаниялардың инвестиция салу жөніндегі шешімінде маңызды рөл атқарады. Егер мемлекет шарттағы талаптарға бейжай қарайтын болса, онда бизнес жүргізу де, инвестициялық жобаны іске асыру да қиын. Сондықтан құқық үстемдігі өте маңызды. Франция заң үстемдігі экономикалық дамудың іргетасы дегенге сенеді. Елдің өркендеуі мен халықтың әл-ауқаты осыған байланысты, өйткені бәрі заң үстемдігі сақталған қоғамда өмір сүргеннен ұтады.

– Дамушы елдердегі саяси транзит инвестициялық келісімдерге әсер етуі мүмкін. Кейде бір үкімет жасаған келісімді келесі үкімет өзгертіп, не тоқтатып жатады. Франция мен Нигер арасындағы шарттың бұзылуын мысал ретінде айтуға болады. Франция Қазақстанның саяси тұрақтылығына қаншалықты сеніммен қарайды?

– Сіз айтып отырған тәуекел бүкіл әлемде бар. Тіпті Францияда да ірі жобалар көбіне саяси шешімдерге тәуелді. Кез келген инвестор биліктің ауысуы ұзақмерзімді жобаларға әсер етуі мүмкін екенін ескереді. Қазақстанмен ынтымақтастығымызға келсек, екі ел арасында 30 жылдан астам қарым-қатынас бар. 2008 жылы стратегиялық әріптестік орнаттық, ал былтыр қарашада оны одан әрі нығайттық. Бұл – Францияның Қазақстанды ұзақмерзімді стратегиялық әріптес ретінде қарастыратынын көрсетеді. Біз бұл берекелі ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделіміз. Екі ел арасындағы сауда көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл да экономикалық ынтымақтастықтың индикаторы. Бұған қоса, түрлі саладағы жаңа компаниялардың өзара сауда жүргізуі экономикалық қатынасты әртараптандыруі үлес қосып отыр. Мұның бәрі – Қазақстанға ұзақмерзімді серіктес ретінде сеніміміздің айғағы.

ЕЛДЕН ЗАҢСЫЗ ШЫҒАРЫЛҒАН АКТИВТЕР

– Елден заңсыз шығарылған активтер мәселесін қозғасақ. Австрияда тіркелген Freedom for Eurasia ұйымының жақында жарияланған есебінде бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің адамы Францияда жылжымайтын мүлікке иелік ететінін анықтаған. Бірақ оған қатысты француз үкіметі еш тергеу амалын жүргізбей жатқаны жазылған. Франция мұндай деректер белгілі болғанда қалай әрекет етеді?

– Бұл да институционалды негізде қаралатын мәселе. Заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару бастамасын көтеру – Қазақстан үкіметінің құзырындағы шаруа. Мұндай мәселелер Әділет министрліктері арқылы, екіжақты және халықаралық келісімдер негізінде шешіледі. Франция бұл жағдайға өздігінен баға бере алмайды және араласа алмайды. Бастаманы Қазақстан көтеруі керек. Қазақстан халықаралық ұйымдар мен қолда бар құқықтық тетіктерді пайдалана алады. Үкіметтік емес ұйымдардың есептері қосымша ақпарат беруі мүмкін. Бірақ олар тергеу жүргізуге құқылы емес. Мұндай рәсім Франция мен Қазақстан арасындағы ресми үкіметаралық диалог аясында ғана іске асады. Егер мұндай ынта болса, Қазақстан Францияға активтер заңсыз шығарылған деп сенсе, оны қайтарғысы келсе, бастама көтеруі қажет.

– 2022 жылы болған Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан билігі шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға уәде беріп келеді. Бұл бағытта Қазақстан Францияға ресми өтініш жасады ма?

– Қазақстан ұрланған активтерді қайтару бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр. Мұндай рәсімді бастау үшін басқа мемлекеттерге жүгіну – Қазақстан үкіметінің өз шаруасы. Францияда бұл мәселе жіті назарда. Ұрланған активтерді қайтару бүкіл әлем елдері үшін өзекті тақырыпқа айналған. Мұндай қиындықтармен көптеген үкіметтер бетпе-бет келеді. Сондықтан қандай да бір тергеуді бастау үшін басқа елмен байланыс орнату қажет пе, жоқ па – бұл әр мемлекеттің өзі шешеді.

– Сонымен Қазақстан үкіметі француз билігіне активтерге қатысты өтініш берді ме, жоқ па?

– Егер мұндай бастама әділет министрліктері арасында жүзеге асса, ол құпия жүреді. Бұл – сот жүйесінің құзырындағы мәселе болғандықтан, мен бұл жөнінде жария түрде пікір айта алмаймын.

– Демократиялық Франция өкілі ретінде айтыңызшы, ұрланған активтерді қайтару қоғамдық мүдде болғандықтан ол туралы талқы ашық жүруі керек емес пе?

– Бәрі де ашық. Бірақ алдымен құқықтық процедуралар жүргізіледі, ереже бар. Үкіметтер арасында бастама көтеріліп, процедура аяқталған соң, ереже бойынша, қажет ақпарат қоғам назарына ұсынылады. Франция ұрланған немесе бұғатталған активтерге қатысты барлық қолжетімді ақпаратты біздің экономика және қаржы министрлігінің ресми сайтында жариялап отырады. Әрине, кейбір мәліметтер тергеу барысында немесе одан кейін құпия күйінде қалуы мүмкін. Алайда жария етуге рұқсат етілген барлық дерек мемлекеттік ресурстарда жарияланады.

– Осы тақырыпқа қатысты соңғы сұрағым. Ұрланған активтерге қатысты қазақ үкіметінің сіздерге байланысқа шыққан не шықпағанын "иә" немесе "жоқ" деп ашып айта аласыз ба?

– Тағы да айтайын, бұл – үкіметтер арасындағы құпия диалог. Мұндай рәсім болды ма, әлде жүріп жатыр ма, ол туралы пікір білдіре алмаймын. Бұл – үкіметаралық ережелер мен сот жүйесінің құзырындағы мәселе. Францияда біз мұндайда no comment дейміз.

ФРАНЦИЯНЫҢ ДАМУ АГЕНТТІГІ – AFD

– Жақында Франция даму агенттігі (AFD) Қазақстанда кеңсе ашты. Оны дәл қазір ашуға не түрткі болды?

– Қазақстанда Франция даму агенттігінің, яғни AFD кеңсесінің ашылуы бұрыннан көзделген стратегиялық мақсат болатын. Бұл шешім 2023 жылғы қарашада Қазақстанға Президент Макронның сапары кезінде екі ел арасында келісімге қол қою арқылы ресми түрде бекітілді. AFD кеңсесі ашылғалы бері Қазақстан үкіметімен бірқатар жобаларға белсенді қатысып келеді. Су ресурстары, ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика министрліктерімен ынтымақтастық орнаған. Бұл – кеңсе ашу жөніндегі бірлескен шешімнің дұрыс болғанын көрсетеді. Қазір AFD Қазақстанның түрлі жобаларын қаржыландыруға, сараптамалық қолдау көрсетуге және грант беруге белсенді кірісіп жатыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Франция басшысы Эммануель Макрон "Этноауыл" ұлттық көрмесінде. Астана, 1 қараша 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Франция басшысы Эммануель Макрон "Этноауыл" ұлттық көрмесінде. Астана, 1 қараша 2023 жыл.

– Агенттіктің қаржыландыру жоспарын тарқатып айта аласыз ба? Нақты қандай жобаларға қаржы бөлу қарастырылып жатыр?

– AFD Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыруға қатысты тәжірибе ұсынып отыр. Бұл – Франция үлгісіне негізделген сараптамалық қолдау. AFD денсаулық сақтау министрлігі және өңірлік әкімдіктермен бірігіп, ауруханалар құрылысына қаржы бөлу немесе бірлесіп қаржыландыру мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Қазақстанда жаңа медициналық мекемелерге сұраныс барын білеміз. Сол сияқты, су ресурстарын басқару саласында да AFD Су ресурстары министрлігі және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, суару жүйесін жетілдіру бағытында жұмыс істеп жатыр.

AFD тек қаржыландырумен шектелмей, жобаны толық жүзеге асыруға көмектеседі. Бұл сарапшылар, жоба менеджерлері және техникалық мамандардың қатысуымен жүзеге асады. Қаржы алған мекеме бұл процессте жалғыз қалмайды. Агенттік нақты белгіленген нәтижелерге қол жеткізу, қаржының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету және жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды көздейді.

– Өңірлерде Францияның қаражатына ауруханалар салу көмек есебінде бола ма, әлде несие түрінде бола ма?

– AFD негізінен жеңілдетілген несие беру арқылы жұмыс істейді. Дегенмен, қаржыландырудың икемді шешімдерін ұсына алады. Оған қолайлы шарттармен берілетін несие, гранттар және Еуропа қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі сияқты халықаралық ұйымдармен бірлесіп қаржыландыру кіреді. Агенттік әр жобаға ең тиімді қаржыландыру үлгісін ұсына біледі.

– 2016 жылы AFD Камерундағы әуежайды қайта жөндеуді қаржыландырған екен. Бірақ жөндеуден кейін оған айтылған сын көп болыпты. Бір қызығы, жобаны AFD қаржыландырады, ал әуежайды жөндеу тендерін екі француз компаниясы ұтып алады. AFD Қазақстандағы бір жобаны несие беру арқылы қаржыландырса, оны француз компаниясы жүзеге асыруы керек пе?

– Біріншіден, мен Камерунға жауапты емеспін. Сондықтан бұл жөнінде агенттіктің Камерундағы қызметінен немесе орталық кеңсесінен сұрауыңыз керек. Менің қызметім Қазақстанға қатысты және мұндағы жүктемелер жеткілікті. Агенттіктің Қазақстандағы қызметі үкіметпен және тиісті министрліктермен тығыз қарым-қатынас негізінде жүзеге асады. Қазақстанның даму жобаларын қолдай отырып, француз тәжірибесі мен жабдықтарын қолдануға бағытталады. Осыған байланысты кейбір жобалар аясында француз компанияларымен келісімшарттар жасалуы – заңдылық. Француз мамандары мен технологияларын пайдалану арқылы көрсетілетін сараптамалық қолдау серіктестер тарапынан жоғары бағаланса, бұл ынтымақтастықтың жалғасуына ықпал етеді.

– AFD сирек кездесетін металдарды өндіру жөніндегі келіссөздерге де араласып жатыр ма?

– AFD Франция үкіметі берген мандат негізінде жұмыс істейді және оның басты бағыты – жасыл экономикаға көшуді қолдау. Агенттік сирек минералдарды өндіруді тікелей қаржыландырмайды және мұндай жұмыстарға араласпайды. Себебі бұл оның француз үкіметі берген мандат аясына кірмейді. Әйткенмен, минералды ресурстарды басқаруды жақсарту, экологиялық тұрғыдан тиімді өндіру әдістерін ілгерілету немесе қайта өңдеу жүйелерін дамыту сияқты бастамаларды қолдауы мүмкін.

ЖЫЛҚЫ ЕТІНІҢ ЭКСПОРТЫ

– Францияда жылқы етіне деген сұраныс бар екені белгілі. Францияда жүргеніңізде жылқы етін жейтін бе едіңіз?

– Жылқы еті туралы сұрақ маған жиі қойылады. Бала кезімде Францияда жылқы еті танымал болатын. Ол кезде жылқы етін сататын қасапханалар көп еді. Алайда қазір жылқы еті Францияда сирек кездеседі және супермаркеттерден табу қиын. Ғылыми зерттеу жүргізбесем де, бұл құбылысты француз қоғамының жылқыға деген көзқарасының өзгеруімен байланыстыруға болады. Қазір Францияда атқа міну ең танымал демалыс түрлерінің біріне айналған. Адамдар өзі мінген жануардың етін жегісі келмейді.

– Былтыр екі ел арасында Қазақстаннан Францияға жылқы етін экспорттау туралы келісім жасалған еді. Қазақстан еті Францияға жеткізіле бастады ма?

– Қазақстан Еуропаға жылқы етін экспорттау үшін Еуропа комиссиясымен тиісті келісімге қол жеткізуі керек. Бұл – Қазақстанның ауыл шаруашылығы және сыртқы істер министрліктерінің құзырындағы мәселе. Қазақстан бал экспорттау бойынша Еуропа одағымен келісім жасасып, басқа өнімдер бойынша да келіссөз жүргізіп жатқанына қуаныштымын. Алда жылқы еті бойынша да осындай нәтижеге қол жеткізіледі деп сенемін. Өз басым, жылқы өсіру бағытында Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытудың ортақ шешімін таба аламыз деп ойлаймын.

– Meat Science журналының дерегінше, кейінгі жылдары Францияда жылқы етіне сұраныс азайған. Осыны ескерсек, Қазақстанмен бұл саладағы серіктестіктің ұзақмерзімді болашағы бар ма?

– Қазақстан Еуроодақ нарығынан жылқы етіне қызығушылық тұтынушыларды таба алса, экспорттау жөніндегі келіссөзге кірісуіне болады. Бұл – Қазақстанның құзырындағы шешім. Жаңа айтқанымдай, Францияда жылқы етін тұтыну кейінгі жылдары айтарлықтай азайған. Бұған қоғамдағы көзқарас себеп болып отыр. Бүгінде жылқы Францияда көбіне демалыс және спортпен байланыстырылады. Сондықтан Қазақстан жылқы етін Еуроодақ, әсіресе, Франция нарығына шығару қаншалықты тиімді екенін өзі анықтауы керек.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ФРАНЦУЗ КӨЛІКТЕРІ

– Қазақстанда қызмет ете бастағаныңызға шамамен бір жыл болды. Қай өңірлерге сапар шектіңіз? Қай қала ерекше әсер қалдырды?

Мен ай сайын Алматыға баруға тырысамын. Себебі бұл қалада іскерлік, академиялық, үкіметтік емес ұйымдармен және БАҚ өкілдерімен байланыс орнатуға көп мүмкіндік бар. Алматыдан бөлек, Қостанай, Өскемен, Шымкент, Түркістан, Қарағанды және басқа да өңірлерге сапарладым. Алдағы уақытта Қазақстанның өзге аймақтарына да баруды жоспарлап отырмын. Қазақстан – үлкен әрі алуан түрлі ел.

Елді жақсырақ тану және Францияны бүкіл Қазақстанда таныту үшін өңірлерді аралау өте маңызды. Қай өңірге барсам да, қонақжай қазақ халқы ерекше ықыласпен қарсы алады. Әр аймақтың өз болмысы, климаты мен артықшылықтары бар. Күзге қарай Каспий теңізі маңына барсам деймін. Сапар кезінде Францияны таныстырумен қатар, мәдени және академиялық жобаларға да қолдау көрсетемін, "Франция альянсы" ұйымының іс-шараларына қатысамын, кинофестиваль ашамын, университеттер арасындағы әріптестікті нығайтуға атсалысамын. Қазақстанды аралап жүргеніме қуанамын.

– Елшілікке кіргенімізде аулада тұрған француз көліктерін көрдік. Қазақстан көшелерінен француз автоөндірушілерінің көліктерін жиі байқайсыз ба?

– Ашық айтқанда – жеткіліксіз. Бүгінде Қазақстан нарығында француз автокөліктері көп көрінбейді. Алдағы уақытта француз брендтерін Қазақстанда насихаттауға үлес қосқым келеді. Францияның қазақстандық тұтынушыларға ұсынары көп. Біздің көліктер Францияда ғана емес, Еуропа мен әлем нарығында да сәтті сатылып жатыр. Сонымен қатар, француз автоөндірушілері электромобиль құрастыруға белсене кіріскен. Бүгінде электромобильдері де нарықта қолжетімді.

– Орталық Азия нарығы француз автоөндірушілері үшін қаншалықты тартымды? Қытай бәсекелестігінің күшеюі Францияның аймақтағы стратегиясына әсер етті ме?

– Автокөлік өндірісі – күрделі сала. Әлемде оны жүзеге асырудың әртүрлі үлгілері бар: көлікті толық шығару да, бөлшектерін құрастыру да қолданылады. Қазіргі сәтте Орталық Азия француз автоконцерндері үшін тартымды өңір ме, жоқ па, бұл туралы нақты айта алмаймын. Бірақ бұл бағытта даму қарастырылып жатыр деп үміттенемін. Өзім Қазақстанда француз көліктерін көргім келеді.

– Биыл Наурыз мерекесінде халықты қазақ тілінде құттықтадыңыз. Қазақ тілін үйренуге мүмкіндік болды ма?

– Әріптестерімнің көмегімен қазақша оқи аламын. Анкарада қызмет еткен кезімде түрік тілін оқығанмын, сондықтан грамматикасын және қазақ тілімен ортақ сөздерді жақсы түсінемін. Бұл маған кейбір мәтіндерді ұғынуға көмектеседі. Алайда, өкінішке қарай, әзірге қазақ тілінде еркін сөйлей алмаймын. Болашақта маңызды ұлттық шараларға қатысты қазақша хабарламаларды еркін оқитын деңгейге жетемін деп үміттенемін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG