ЖАҢАЛЫҚТАР
Талғат Аян ауырып жатқан Боқаевты қамаудан босатуды талап етеді. ҚАЖД белсендіден "вирус табылмағанын" айтады

Құқық қорғаушылар мен белсенді Талғат Аян 2016 жылғы Жер митингіден кейін сотталып, түрмеде отырған белсенді Макс Боқаевтың денсаулығының нашарлағанын айтып, биліктен оны қамаудан босатуды сұрады.
Боқаевпен бірге сотталып, кейін босап шыққан белсенді Талғат Аян 1 шілдеде Facebook парақшасында "Макс таксофонмен колониядан хабарласты, өзінің 5 күннен бері тұмауратып қалғанын, температура жөтел, иіс, дәм сезбейтінін айтты. Емделіп жатыр, жағдайы бірқалыпты. Макстың денсаулығына алаңдаулымын. Коронавирус сияқты. Колония әкімшілігі мен басқа да сотталғандар ауырып жатыр" деп жазған еді.
Талғат Аян жазбасының астында Боқаевты босатуды талап етіп, қол жинай бастаған.
Боқаев түрмеде отырған Ақтөбе облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Аянның жазбасының астына пікір білдіріп, Боқаевтың коронавирусқа тапсырған ПТР анализі теріс нәтиже бергенін жазды.
Департаменттің мәлімдеуінше, "Боқаев медициналық бөлімге жатудан бас тартқан", "денсаулығы мен иммунитетін бір қалыпты ұстау үшін тиісті ем-дом жасалған".
"Қазір Макс Боқаевтың денсаулығы бірқалыпты, денесінің қызуы қалыпты, тамағы ауырып тұрған жоқ. Мекемедегі өз отрядында" деді мекеме.
Департамент Макс Боқаев отырған түрмедегі сотталғандар мен қызметкерлер коронавирус анализін тапсырғанын, барлығынан вирус табылмағанын мәлімдеді.
Боқаевтың қарындасы Жанаргүл Боқаева Азаттыққа оның денсаулығы қатысты ештеңе білмейтінін, бүгін, 2 шілдеде онымен телефонмен сөйлесетінін айтты.
Бұған дейін халықаралық және қазақстандық құқық қорғаушылар билікті Боқаевты түрмеден босатуға шақырған.
46 жастағы Макс Боқаев 2016 жылы сәуірдегі жер митингілерінен кейін тағы бір атыраулық белсенді Талғат Аянмен бірге "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталған еді.
Оқи отырыңыз: "Қазіргі жағдайда түрмеде отыру өкінішті де, ұят та емес". Макс Боқаев сұхбаты.
2018 жылы сот Талғат Аянның түрмеден мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырып, оның жазасын шартты түрге алмастырған. Ал 2019 жылы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты. Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін" мәлімдеген болатын.
АҚШ конгресінің 12 сенаторы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, "сөз еркіндігі мен жиналу еркіндігі құқығын пайдаланғаны үшін" сотталған белсенділер мен адам құқығын қорғаушыларды дереу түрмеден босатуды сұраған. Сенаторлар хатында азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Әсет Әбішевті (елде "экстремистік ұйым" деп танылған, Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған ҚДТ-ны қолдады деп 4 жылға сотталған) атап көрсеткен.
Басқа да жаңалықтар
БАҚ: Трамп Путинмен сөйлесер алдында Зеленскийге телефон шалды

АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі, 19 мамыр күні Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлеспес бұрын Украина президенті Владимир Зеленскийге телефон шалды. Мұны Украинаның ТСН арнасы өз дереккөздеріне сүйеніп хабарлады.
АҚШ пен Украина президенттерінің әңгімесіне Украинадағы соғысты аяқтау үшін қажет "нақты қадамдар" арқау болған деп жазды ТСН арнасы.
Сондай-ақ, дүйсенбі күні Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен сөйлесуді жоспарлап отыр деп жазды БАҚ.
Бұған дейін Трамп әуелі Путинге телефон шалып, содан кейін ол әңгіменің нәтижесі жөнінде Украина президентін хабардар етпек деген ақпарат болған.
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Трамп пен Зеленский дүйсенбі күні екінші рет сөйлесуі мүмкін деп топшылайды.
Еуроодақ елдері 150 млрд еуроның қорғаныс қорын құруға келісті

Еуропа одағы елдері көлемі 150 млрд еуро болатын қорғаныс қорын (ағылшын тіліндегі атауы – Security Action for Europe, SAFE) құру туралы келісімге келді. Қор қаржысы қорғаныс саласын нығайтуға жұмсалатын болады деп хабарлады Reuters пен Financial Times басылымдары өз дерек көздеріне сүйеніп.
Қор бірлесіп қарыз алу жолымен қаржыландырылатын болады және ол Еуроодаққа мүше елдер мен Украина сияқты кейбір басқа елдерге де қорғанысын күшейтуге және еуропалық қару-жарақ өнеркәсібін дамыту жобалары үшін несие түрінде көмек көрсетуді көздейді, – деп хабарлады "Настоящее время" арнасы.
Бұл бастаманы Еуропа комиссиясы 2025 жылдың наурыз айында ұсынған. Бастама жақын жылдары қорғаныс қажетіне 800 миллиард еуроға дейін қосымша қаржы бөлуге мүмкіндік береді. Осы жоспар аясында 150 миллиард еуро несие ретінде тартылмақ, ол қаржы қару-жарақ сатып алуға да жұмсалады.
Қалған 650 миллиард еуроны Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Еуропалық инвестиция банкінің қаржысы есебінен, жеке инвесторлардан, сондай-ақ Еуроодақ елдерінің қорғанысқа бөлетін шығындарын арттыру жолымен алуды ұсынды.
Ресей билігі "қаламайтын ұйымдар" тізіміне Amnesty International-ды қосты

Ресей федерациясының бас прокуратурасы ел аумағында қызметін "қаламайтын ұйымдар" тізіміне Amnesty International халықаралық үкіметтік емес ұйымын қосты.
Бұл іс жүзінде Ресейде аталған ұйымның қызметіне тыйым салынғанын білдіреді.
Бас прокуратура құқық қорғаушылар экстремистік ұйымдарды қолдайды және "шетелдік агенттер" деп аталатын тұлғалардың қызметіне қаржылай қолдау көрсетеді дейді.
"Лондондағы AI (Amnesty International) штаб-пәтері – киевтік режим жандайшаптары қаржыландыратын, орыстарға қарсы жаһандық жобаларды даярлайтын орталық", – делінген Ресей бас прокуратурасы жариялаған баспасөз хабарламасында.
"Amnesty International – әлемдегі байырғы және ірі құқық қорғау ұйымдарының бірі. Оның ресми жақтаушылары ретінде 10 миллион адам тіркелген", – деп жазылған ұйымның ресми сайтында.
Ұйым күллі әлемде саяси тұтқындарды босатуға, дүние жүзінде өлім жазасын сөзсіз жоюға, кемсітуге қарсы күресуге және адамның өз еркін білдіру және басқа да құқықтарын қорғаумен айналысады.
Сот бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановты үш жылға бостандығынан айырды

19 мамырда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық арнайы соты Қазақстанның мәдениет және спорт министрінің бұрынғы орынбасары Ерлан Қожағапановты үш жыл мерзімге бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот оны "қызмет өкілетін асыра пайдаланғаны" үшін айыпты деп таныды.
Тергеу орындары Қожағапанов 2018 жылы Петропавлдағы "Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық әріптестігі форумын" өткізу бойынша коммерциялық ұйыммен келісім-шартқа қол қойғанда сол ұйымның мүддесін көздеген, ал форум өткізу бойынша смета құны екі есе көп көрсетіліп, мемлекет 1 млрд теңгеден көп зиян шеккен деген байлам жасаған.
Сот үкіміне сәйкес, Қожағапанов енді мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Ұлттық банкі мен оның құрылымдарында және басқа да мемлекеттік мекемелерде қызмет істеуден өмір бойына шеттетілді.
"Жаза өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі, бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау Қылмыстық кодекстің 62-бабы 3-бөліміне сәйкес сақталады. 2024 жылдың 1 наурызынан бастап үкім заңды күшіне енгенге дейінгі аралықта қамауда болған уақыты орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге тиіс жазасының бір күніне бір жарым күн есебімен есептеледі", – деді үкімді оқыған судья Қанат Тобағалиұлы.
Сот осы іс бойынша екінші айыпталушы адам, аймақаралық ынтымақтастық форумын ұйымдастырумен айналысқан Success K компаниясының жетекшісі Ләззат Көккөзованы Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлімінде қарастырылған "алаяқтық" қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танып, бес жылға бостандығынан айырды. Бұған қоса оған жеті жыл бойы әлгіндей іс-шара ұйымдастыруға тыйым салынды.
Бұған дейін прокурор соттан Қожағапановты жеті жылға, Көккөзованы – сегіз жылға бостандығынан айыруды сұраған. Сотталушылардың қорғаушылары мен туыстары әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.
Былтыр наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл істі тергеп, бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі мен мердігер ұйым басшылығы ауыр қылмыстар жасады деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған еді. Оларға қызмет өкілетін асыра пайдалану және 1 млрд теңгеден астам қаржыны жымқыру айыбы тағылған.
Ерлан Қожағапанов 2013-2016 жылдары елдің спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы, Қазақстан футбол федерациясының президенті болған.
2017-2019 жылдары Қазақстанның мәдениет және спорт министрінің орынбасары, 2019-2021 жылдары Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарды. Ал 2021 жылы қыркүйекте премьер-министр кеңесшісі қызметіне тағайындалған еді.
Румынияда президент сайлауында еуропашыл кандидат Никушор Дан озды

Жексенбі, 18 мамрда Румынияда президент сайлауында Бухарест қаласының мэрі Никушор Дан жеңіске жетті. Ол сайлаудың екінші кезеңінде оңшыл радикал және еуроскептик кандидат Джордже Симионнан озды.
Еуропашыл кандидат Никушор Данды дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 54 пайызға жуығы қолдады деп хабарлады Азаттықтың Румын қызметі. Ал оның бәсекелесі Симион шамамен 46 пайыз дауыс алған.
Жексенбі күні сайлауда жеңіске жеттім деп алдын ала жариялап үлгерген Симион кейін жеңілгенін мойындады.
Румыниядағы президент сайлауының бірінші кезеңі 4 мамырда өткен. Ол жолы Симион 40,5 пайыз дауыс жинап, алға шыққан. Ал Данды сол кезде сайлаушылардың 21 пайызы қолдаған еді.
Сайлау қарсаңында Румыния билігі ел президентін сайлауға Ресей килігіп жатқанын аңғартатын белгілер бар деп мәлімдеген. Румыния сыртқы істер министрлігінің өкілі Андрей Цэрнидің айтуынша, сайлаудың екінші кезеңінде Telegram мен басқа да әлеуметтік желілерде "жалған ақпарат тарату науқаны" жүргізілген.
- Әуелде Румынияда президент сайлау 2024 жылдың қарашасының аяғында өтті, оның бірінші кезеңінде "Румындарды біріктіру альянсының" бұрынғы мүшесі Кэлин Джорджеску жеңіске жетті.
- 2024 жылғы 6 желтоқсанда Румынияның Конституциялық соты қарашада өткен сайлаудың бірінші кезеңінің ресми қорытындысын жойды. Мұндай шешім сайлау науқанына Ресей араласқаны туралы мәліметтерге сүйеніп қабылданды. Мәскеу мен Кэлин Джорджеску ол айыптауларды жоққа шығарды.
- Қазір Кэлин Джорджескудің үстінен тергеу жүріп жатыр. Оған алты бап бойынша тағылған қылмыстық айыптар қатарында: конституциялық құрылымға қарсы әрекеттерге арандату, сайлау науқаны аясында жалған ақпарат тарату, фашистік, нәсілшіл немесе ксенофобиялық сипаттағы ұйым құру я сондай бастама көтеру сияқты айыптар бар. Ол Ресеймен байланысы бар дегенді шығарады. Мәскеу де Румынияның ішкі істеріне араласқан жоқпыз деп, тағылған айыпты мойындамай отыр.
- АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс 2025 жылдың ақпанында Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында сөйлеген сөзінде, Румыния билігін қараша айындағы сайлаудың бірінші кезеңінің қорытындысын жойғаны үшін сынға алып, оны демократия стандарттарын бұзу әрекеті деп бағалаған. Дегенмен, ол Джорджескудің кандидатурасын тікелей қолдаған жоқ. Ал Еуроодақ, керісінше, Румыния Конституциялық сотының шешімін түсіністікпен қабылдады.
БАҚ: Джо Байден қатерлі ісік ауруына шалдыққан

АҚШ-тың бұрынғы президенті, 82 жастағы Джо Байден қуықасты безінің қатерлі ісігіне шалдыққан, дәрігерлер дерт асқынып, сүйекке шапқан деген диагноз қойған. Бұл ақпаратты экс-президенттің кеңсесінің мәлімдемесіне сүйеніп, Батыс басылымдары хабарлады.
Байденге әлгіндей диагноз 16 мамыр күні қойылған. Мәлімдемеде бұрынғы президент пен оның отбасы қазір дәрігерлермен бірге ем-дом жолдарын қарастырып жатқаны айтылған деп хабарлады Reuters пен BBC News.
"Бұл осы дерттің неғұрлым агрессивті түрі болғанымен, обыр гормондарға сезімтал сияқты болып көрінеді, бұл оны тиімді емдеуге мүмкіндік береді", — делінген мәлімдемеде.
Солтүстік-батыс денсаулық сақтау желісінің онкология бағдарламасының медициналық директоры доктор Крис Джордж сүйекке шапқан обырды толық емдеу мүмкін емес екенін, әйткенмен дертті бақылауда ұстайтын емдеу тәсілдері бар дейді. Ал Лангондағы Нью-Йорк университетінің докторы Герберт Лепор тіпті қуықасты безі қатерлі ісігімен де көптеген ер адамдар "бес жылдан он жылға дейін, тіпті одан да ұзақ өмір сүре алатынын айтады" деп жазды Reuters.
Өзіне дейін елді басқарған Джо Байденді сынап жүрген АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп жексенбі күні Truth Social әлеуметтік желісінде пост жазып, Байден мен оның зайыбы Джиллге қолдау білдірді.
"Мелания екеуіміз Джо Байденге жақында қойылған медициналық диагноз туралы естіп мұңайып қалдық", – деп жазды Трамп әйелі екеуінің атынан. "Біз Джилл мен отбасына ең жылы әрі жақсы тілегімізді білдіреміз және Джоның тезірек оңалып, жазылып кетуін тілейміз".
АҚШ-тың 46-президенті Байденнің тұсында вице-президент болған Камала Харрис "Джо — күрескер, ол бұл сынақты да өзін өмір жолында жетекші болуға жетелеген күш-жігерімен, қайсарлығымен өткеретініне сенімдімін" деп жазды.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама (оның тұсында Байден екі мерзім вице-президент болған) "Мишель екеуіміз күллі Байдендер отбасын ойлап отырмыз. ... Ол бұл сынаққа өзіне тән батылдығымен төтеп береді деп кәміл сенемін" деді.
Джо Байден АҚШ президенті болған 2021–2025 жылдар аралығында оның денсаулық жағдайын қоғам назарда ұстады. Екінші мерзімге сайлану мақсатымен демократиялық партиядан кандидат ретінде саяси додаға түскен оның республикашылдар кандидаты Дональд Трамппен өткізген телесайыста сөзден тосылып қалғаны жақтастарының алаңдаушылығын туғызған. Байден былтыр шілде айында сайлау науқанынан шығып, өзінің саяси серігі, вице-президент Камала Харриске жол берген. Харрис сайлауда Трамптан жеңіліп қалды.
Джо Байден 2020 жылы сайлауда жеңіске жеткен кезде АҚШ тарихында президент болып сайланған жасы ең үлкен адам болды. Президент қызметіндегі өкілеті аяқталғаннан кейін Байден жұрт алдына тек бірнеше рет қана шықты.
Экзитпол: Польшада президент сайлаудың екінші кезеңі өтеді

18 мамырда Польша президентін таңдауға дауыс бергендер арасында жүргізілген экзитпол мәліметіне сәйкес, сайлауға түскен 13 кандидаттың ешқайсысы қажетті 50% дауыс жинай алмаған. Енді 1 маусымда өтетін сайлаудың екінші кезеңіне премьер-министр Дональд Туск басқаратын "Азаматтық платформа" партиясының өкілі, Варшава қаласының мэрі Рафал Тшасковский мен "Құқық және әділеттік" партиясынан кандидат Кароль Навроцкий өтеді.
Жексенбіде Тшаковскийді сайлаушылардың 31 пайызы, Навроцкийді – 29 пайызы қолдап дауыс берген.
Үшінші орында әсіреоңшыл "Конфедерация" партиясының өкілі Славомир Ментцен – 15%.
Елде 29 миллионға жуық адам дауыс беру құқына ие, солардың шамамен 67 пайызы жексенбіде дауыс беруге қатысқан.
Саяси сарапшылардың айтуынша, премьер-министр Дональд Туск өз реформаларын жүзеге асыру үшін бұл сайлауда Тшасковскийдің жеңіске жетуіне аса мүдделі. "Әрбір дауыс үшін қатаң күрес жүріп жатыр. Алдағы екі аптада Отанымыздың болашағының тағдыры шешіледі", — деп жазды Туск X әлеуметтік желісінде.
Егер бұл сайлауда Навроцкий жеңіске жетсе, онда елде мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтуі ықтимал. Егер сайлаудың екінші кезеңінде оған Ментценнің электораты қолдау көрсетсе, Навроцкийдің жеңіске жету мүмкіндігі артады. БАҚ-тың хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трампқа Навроцкийдің бүйрегі бұрады және ол украиналық босқындарға сыни көзқараста.
Польша президенті бес жыл мерзімге сайланып, сыртқы саясатқа ықпал ете алады, үкіметті тағайындайды және қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы міндетін атқарады. Сайлаудың бірінші кезеңінің ресми қорытындысы 20 мамырда жариялануы тиіс.
Зеленский, Вэнс пен Рубио Ақ үйдегі даудан кейін алғаш рет кездесті

Украина президенті Владимир Зеленский, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен мемлекеттік хатшы Марко Рубио Римде кездесіп, шамамен 40 минут сөйлесті. Бұл — Зеленский, Вэнс және Рубионың биыл ақпанда Ақ үйде дау-дамаймен аяқталған оқиғадан кейінгі алғашқы жүздесуі.
Украина президенті Римдегі кездесуді жақсы өтті деп сипаттады. Зеленскийдің айтуынша, ол және Вашингтон өкілдері 16 мамырда Стамбұлда Ресей мен Украина өкілдері өткізген келіссөзді талқылаған. Украина басшысы ресейліктердің келіссөзге "шешім қабылдауға өкілеті жоқ, төмен деңгейлі делегация" жібергенін айтқан.
"Мен Украина шынайы дипломатияға дайын екенін растадым және тез арада, атыс-шабысты толық әрі сөзсіз тоқтату маңызды екенін атап айттым", — деп жазды Зеленский Telegram арнасында.
Бұған қоса ол Вэнспен және Рубиомен болашақта Ресеймен тұтқын алмасу жайы мен Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізу қажеттігін талқылағанын жазды. "Ресей соғысты тоқтатуға дайын болғанша оған қысым жасауды жалғастырған жөн", — деген Зеленский.
Жексенбідегі кездесуге дейін Зеленский, Вэнс пен Рубио Ватиканда Рим шіркеуінің жаңа басшысы папа XIV Леоның қызметке кірісу рәсіміне қатысты.
Сол күні Украина президенті Рим папасымен кездесті. "Әлемдегі миллиондаған адам үшін понтифик — бейбітшілікке деген үміт символы. Қасиетті тақтың беделі мен үні бұл соғысты тоқтатуда маңызды рөл атқара алады. Украина мен Ресей арасында тікелей келіссөз өткізетін алаң болуға ынта білдіргені үшін Ватиканға ризашылық білдіреміз", — деді Зеленский кездесуден кейін.
Украина қарулы күштері: бір түнде 270-тен астам ресейлік дрон шабуылдады

Жексенбіге қараған түні Украинаға 273 ресейлік дрон шабуылдады деп хабарлады Украина әскеріне қарасты әуе күштері. 88 дрон атып түсірілген, 128 дрон-имитатор істен шығарылған. Шабуылдың салдарынан Киев, Днепропетровск, Донецк облыстары зардап шеккен.
Киев облысының билігі Фастовский ауданындағы жем зауытына дрон соққысы тигенін және Обухов ауданына дрон бөлшектері құлағанын хабарлады. Жеке үйлердің бірі жартылай қираған, көп қабатты тұрғын үйдің терезелері сынған.
Шабуылдың салдарынан бір әйел қаза болған, тағы үш адам зардап шеккен. Олар ауруханаға жеткізілген.
Ватиканда Рим папасы XIV Леоның таққа отыру рәсімі өтті

Ватиканда Рим папасы XIV Леоның таққа отыру рәсімі өтті. Ол понтифик қызметіне ресми түрде кірісті.
267-понтифик Әулие Петр алаңына алғаш рет папамобилде барды. Оны жұрт қошаметпен қарсы алды.
Рим Папасы XIV Леo жаңа понтификат кезеңінің басталуына арналған салтанатты жиынға төрағалық етті.
Шараға 150-ден астам елдің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Украина басшысы Владимир Зеленский, Перудің президенті Дина Болуарте қатысты.
Рим папасы өзінің уағызында католик шіркеуінде "діни пропагандаға" орын жоғын айтып, бірлікке шақырды.
- 8 мамырда Рим папасы Франциск қайтыс болғаннан кейін 69 жастағы америкалық кардинал Роберт Франсис Прево Рим папасы болып сайланған. Ол өзіне XIV Лео деген атты таңдады. 11 мамырда әулие Петр алаңында жұрт алдында алғаш рет сөйлеген ол Украинада "нағыз және тұрақты бейбітшілік" орнатуға үндеген.
Режиссер Ермек Тұрсынов Қазақстаннан кетті

Режиссер Ермек Тұрсынов Қазақстаннан кеткенін хабарлады. Facebook желісіндегі бірнеше жазбасында ол елде өзіне қысым күшейіп, шығармашылығына жүйелі түрде тыйым салынып, өзін тіпті "жемқор, ұры" ретінде айыптай бастағанын жазды. Ол мәдениет саласындағы саясатты сынап, елде шығармашылық иелеріне еркіндік қалмағанын алға тартқан.
"...Маған қарсы ақпараттық кампания ұйымдастырылды. Желіде мен туралы "жаман адам", "ұры", "жемқор", "дарынсыз адам" деген тәрізді неше түрлі қорқынышты нәрселер шыға бастады. Ешкімге керек емес кино түсіреді. Ешкімге керек емес кітап жазады... Менің туындыларыма миллиардтаған қаражат кетті деп жазды. Шын мәнінде менің фильмдерімнің барлығының бюджетін қосқанда бір "Томиристің" бюджетінің жартысын ғана құрайды. "Қазақ хандығы" бюджетінің төрттен бір бөлігі. Елбасы туралы эпопеяны айтпай-ақ қояйын..." деп жазды ол.
Оның сөзінше, кейінгі жылдары өзі қатысатын шығармашылық кештері мен шараларға тыйым салынып, тіпті кітаптарын тарата алмайтын жағдайға жеткен. Жуырда ғана 22 және 31 мамырға жоспарланған шараларын шегеруге тура келген.
22 мамырда ол Нұрлан Сабыровпен "Диалог" атты кеш, 31 мамырда Еркеш Шәкеевпен бірігіп саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған шара өткізбек болған. Almaty Theatre өкілдері оған техникалық себептерді алға тартып, 31 күнгі шараны өткізе алмайтынын ескерткен. Бұған дейін мұны композитор Еркеш Шәкеев те айтқан.
Ол жазбасында "президентті қорлау және мемлекеттік құрылымға жасалған қастандық" деген желеумен өзінің "Бесмойнақ" фильмінің прокатына да тыйым салынғанын айтты.
Бұған дейін ақпарат құралдары Ермек Тұрсыновтың продюсерінің үйінде тінту жүргенін жазған еді.
Оскар сыйлығына үш рет ұсынылған, көптеген халықаралық фестивальдардың жеңімпазы атанған Ермек Тұрсыновтың "Шал", "Сіз кімсіз, Ка мырза?", "Сабалақ", "Бақсы", "Келін", "Жат" және өзге де фильмдері көрерменге таныс.
Eurovision-2025: австриялық әнші Базельдегі байқауда жеңімпаз атанды

Австриялық әнші JJ Швейцарияның Базель қаласында өткен "Eurovision 2025" ән байқауының жеңімпазы атанды. Ол жоғары ноталардан тұратын опералық Wasted Love әнін шырқады.
24 жастағы Йоханнес Пич (лақап аты JJ) әнге өзінің өмірі арқау болғанын айтып, ән жауапсыз махаббат жайында екенін жеткізді. Дауылға қарамастан теңізде қайық үстінде қасқайып тұрған қайсар адам образын бейнелеп, сахнада ән шырқаған өнерпазға әділқазылар да, көрермендер де ең жоғары ұпайды берді. Йоханнес Пих Вена мемлекеттік операсында қызмет етеді және әйгілі қойылымдарда түрлі рөлдерді сомдайды.
Екінші орынды израильдік Юваль Рафаэль, үшінші орынды эстониялық Томми Кэш иеленді. Букмекерлік кеңселер мен музыка сарапшылары «жеңімпаз» болады деп болжаған шведтік KAJ тобы төртінші орынға жайғасты.
Финал болатын күні Базельде шеру өтіп, қатысушылар Израильді байқаудан шығаруды талап етті. Палестина туын ұстаған шамамен 800 белсенді қала орталығына жиналған. Полиция оларды Рейн көпірінен әрі қарай өткізген жоқ.
Байқау басталмай тұрып Eurovision-ның ондаған бұрынғы қатысушысы да Израильге бойкот жариялауды талап еткен. Екінші орынды иеленген әнші Юваль Рафаэль өнер көрсетіп жатқан шақта белсенділер сахнаға бояуы бар пакет тастамақ болған. Нәтижесінде ол көрермендерге, оның ішінде неміс тілшісіне де тиген.
Шоуға әлемнің 37 елінен әншілер қатысты. Жартылай финал 13 және 15 мамырда, финал 17 мамырда өтті.
Австрия бұған дейін 1966 және 2014 жылдары Eurovision ән байқауында бірінші орынды жеңіп алған.
Еуропалық хабар тарату одағы 1956 жылдан бері жыл сайын Eurovision ән байқауын ұйымдастырып келеді. Ережеге сәйкес, бірлестіктің негізін қалаушы бес ел – Ұлыбритания, Франция, Испания, Италия, Германия және байқауды өткізетін елдің әншілері тікелей финалға өтеді. Келесі байқау жеңген әншінің елінде өтеді. 2024 жылғы жарыста швейцариялық Немо жеңіске жеткен еді.
Байқау жеңімпаздары тікелей эфирде қазылар алқасының жиынтық ұпайлары мен көпшілік дауыс беру арқылы анықталады.
Әр ел байқауға кімді жіберетінін өзі шешеді. Кейбір елдерде ол байқау арқылы таңдалса, басқаларында қазылар алқасы анықтайды.
Ақпарат құралдары Базельдегі Eurovision байқауын ұйымдастыруға 37 миллион еуродан астам қаржы жұмсалғанын хабарлады. Ұйымдастырушылар байқау шығыны туралы ақпарат бермеді. Жарыс 14 200 көрерменге арналған Saint Jakobshalle аренасында өтті. Қаладағы үлкен стадионға да монитор орнатылып, мыңдаған көрерменнің назарына ұсынылды. Халықаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, шоуды әлем бойынша 160 миллионнан астам адам тікелей эфирде тамашалаған.
Қырғызстанда 1400-ден астам әйелге "Батыр ана" атағы берілді

Қырғызстанда жеті және одан да көп баланы дүниеге әкелген 1413 әйел «Батыр ана» орденімен, алты баласы бар 1232 әйел «Ана құрметі» медалімен марапатталды. Мұндай жарлыққа президент Садыр Жапаров 17 мамырда қол қойды деп жазды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Былтыр қарашада ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Қамшыбек Ташиев таулы және ауа райы қатал аймақтарда тұратын жеті баласы бар отбасыларға әрқайсысына – 1 миллион сом (11,4 мың АҚШ доллары), тоғыз баласы барларға – 1,5 миллион (17,1 мың АҚШ доллары), он баласы барларға 2 миллион сом (22,8 мың АҚШ доллары) берілетінін мәлімдеген.
Қырғызстанда жеті және одан да көп баласы бар аналарға «Батыр ана» атағы беріледі.
Елде 1992 жылдан қазірге дейін «Батыр ана» орденін алғандардың саны 40 мыңға жуықтаған. Олардың арасында зейнетақыға құқығы жоқ тек әлеуметтік жәрдемақы алатындар да бар. Олардың жәрдемақысын көбейту мәселесі парламентте бірнеше рет көтерілген.
Қырғызстанда "Аналар күні" мерекесі жыл сайын мамырдың үшінші жексенбісінде тойланады, бұл жолы 18 мамырға сәйкес келген.
Қырғызстан халқының саны 7 миллионнан асты.
Жыл басынан бері 300-ден астам адамнан коронавирус анықталған

Жыл басынан бері 300-ден астам адам коронавируспен ауырған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Жыл басынан бері 329 адамнан коронавирус анықталған. Аптасына орта есеппен 25 жағдай тіркеледі. Адам өлімі болмаған.
Инфекциялық ауруханаларда орындардың – 27%, реанимацияда 2% бос емес. Стационарда екі адам емделіп жатыр, олардың жағдайы орташа ауыр.
Бірнеше жыл бұрын коронавирус індеті басталғалы бері елде 1.4 млн адам коронавирусқа шалдыққан. 19 мыңнан астам адам коронавирустан қайтыс болған.
Трамп Путинмен телефонмен сөйлесетінін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні таңертең Ресей басшысы Владимир Путинмен телефонмен сөйлеседі.
"Аптасына орта есеппен бес мыңнан астам ресейлік және украиндық сарбаздың өмірін қиған "қантөгіс" пен сауда туралы сөйлесеміз" деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.
Бұдан дейін Трамп Украина басшысы Владимир Зеленский және НАТО-ның бірқатар мүшелерімен тілдеспек. Ол Украинадағы соғысты аяқтауға күш салатынын айтты.
Кремльдің баспасөз қызметі Путин мен Трамптың телефон әңгімесіне дайындалып жатқанын растады. Журналистер АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиодан екі ел президенттерінің кездесуі туралы сұраған кезде "мұндай кездесудің техникалық детальдары үшін бірақ уақыт керек" деп айтқан.
Сенбі күні Ресей мен АҚШ-тың сыртқы істер министрлері телефон арқылы сөйлесіп, 16 мамыр Стамбұлдағы Ресей-Украина келіссөзін талқылаған.
АҚШ мемлекеттік хатшысы келіссөз кезінде тараптардың тұтқын алмасу бойынша келісімін жылы қабылдаған.
Стамбұлдағы келіссөз кезінде екі жақ атысты 30 күнге тоқтату бойынша келісім жасай алмады. Оның жалғыз нәтижесі – 1000/1000 форматында тұтқын алмасу жөнінде келісім болды.
Стамбұлдағы келіссөзден кейін АҚШ президенті Мәскеу мен Киевтің келісімге келуіне өзінің Путинмен кездесуі көмектесуі мүмкін екенін айтқан. Кремль мұндай кездесуге ұзақ дайындық керек деді.
ПІКІРЛЕР