2025 жылдың басынан бері Қазақстанда 60 бала терезеден құлап кетіп, олардың бесеуі мерт болған. Тағы 55 бала түрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға түскен. 20 мамырда Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) жариялаған үндеуде осындай мәлімет айтылған.
Министрлік дерегінше, мұндай қайғылы оқиғалар көбіне жылы мезгілде, әсіресе жазғы демалыс кезінде жиілейді. Оқыс оқиғаға ересектердің қарауынсыз қалған 2-13 жас аралығындағы балалар тап болып жатады.
Былтыр елде осындай 196 оқиға тіркелген. ТЖМ жұртқа жылда жаз мезгілінде мұндай оқыс оқиғалар көбейе түсетінін ескертеді. Көп жағдайда балалар терезеге масадан қорғану үшін орнатылған торға сүйеніп, әлгі тор баланың салмағынан сынған сәтте биіктіктен құлап кетеді дейді төтенше жағдайлар қызметі.
– Бала терезеден құламас үшін ондай оқиғалардың алдын алуға болады. Ол үшін ата-ана қарапайым қауіпсіздік шараларын орындаса жеткілікті, – деді ТЖМ ресми өкілі Динара Нұрғалиева.
Ол кішкентай баланы ешқашан қараусыз қалдырмауға, терезелерге арнайы бекіткіш құрылғылар орнатып, терезе алдына бала шығып кетпейтіндей сақтық шараларын ескеру қажеттігіне назар аударады.
ТЖМ ата-аналар мен заңды өкілдерге әлгіндей оқыс оқиғаның алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді:
- баланы қараусыз қалдырмау;
- масадан қорғанатын тор баланы терезеден құлап кетуден сақтап қала алмайтынын ұмытпау;
- терезеге арнайы бекіткіштер мен айқара ашылудан шектейтін құрылғылар орнату;
- бала өрмелеп шығатын заттар мен жиһазды терезе маңынан алыс ұстау.
Баланың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік ересектерге жүктеледі, деп ескертеді мемлекеттік орган өкілі.