Талдықорғанда 21 мамырда өткен сотта негізгі сотталушылардың бірі Абзал Шынасыл 16 жастағы Шерзат Полатты өлтірмегенін, сотталушылармен өзара келісіп, тергеу кезінде “қылмысты мойнына” алғанын айтты.
- Мойныма алған себебім, біз Талғар қаласында полиция басқармасында болған кезімізде тергеушілер “мұны бір адам істеді. Бір адам мойындарыңа алмасаңдар қиын болады” деді. Бізді Қонаев қаласына этаппен алып кететін болды. Газельдің ішінде Равиль Сәкиев, Шыңғыс Белғожев, Азамат Тоқтаубаев төртеуміз болдық. Сол кезде сөйлестік. Равиль Сәкиев "мынаны бір адам істеді. Бір адам мойындасын. Мойындамаса бәрімізге қиын болады" деді сол кезде, - деді Абзал Шынасыл сотта.
Оның сөзінше, Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевқа (былтыр қыста қаза болған) пышақ сұққанын басқа біреу мойнына алуы тиіс болған.
Ол сотта Ғайыпбаевқа үш рет пышақ сұққанын мойындап, мылтық атқаны үшін ызаланып, солай істегенін жеткізді.
Ол Шерзат Полатты ұрғанын да мойындады.
“Шерзат Полат жерге құлады. Оның неден құлағанын білмеймін. Шалынып құлаған шығар деп ойладым. Ол отырып қалды. Сол кезде “Скорый, скорый” деп айғайлап жатты. И ұрдым. Сол кезде арқамнан біреу тартты. Қарасам, танымайтын Дархан Әскентай екен. Оны танымағандықтан екі рет ұрып жібердім. Нұрғанат Ғайыпбаев қашып кетті екен десем - бейнежазбадан көрдім - оны сүйреп алып кеткен екен. Бардым. Барған кезде ол етбетімен жатты. Құйымшағы ашық жатыр екен. Төс қалтамдағы пышағымды алдым да пышықтың ұшын 1-2 сантиметр ұстап, жамбасына үш рет сұғып алдым. Бәрі “кеттік, кеттік” деген соң көлікке отырып кеттік” деді Абзал Шынасыл.
21 мамыр күні сотталушылардан жауап алу аяқталды. Сотта соңғы жауап берген Дидар Қалиахмет те жауап берді. Ол сотта төбелеске қатыспағанын айтты. "Неге көмек сұрағандарға көмек бермедіңіз?" деген сұраққа ол "қорқып, не істерін білмей дағдарып тұрып қалғанын" айтты.
Істе 9 айыпталушы бар. Қылмыстық іс бас-аяғы 62 томнан тұрады.
- 2024 жылғы 4 қазанда Шерзат Полаттың отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкенге тауар сатып алуға келген адаммен арадағы даудың аяғы жанжалға ұласқан; әлгі адам көмекке достарын шақырып, төбелес барысында суық қару қолданылған. Оқиға салдарынан пышақтан өлімші болып жараланған жасөспірім сол жерде қаза болды. Кейін марқұмның отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін Шерзаттың туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.
- Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полаттың қазасы бойынша іс "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысы бар" деген күдікке ілінген сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша күдікті үш адам сот санкциясымен қамауға алынған еді.
- Әлеуметтік желіде "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тарады. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарды. Аудан тұрғыны Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.
- Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Полаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылды.
- Былтыр 9 желтоқсанда Шерзат Полаттың туысы Нұрғанат Ғайыпбаев қайтыс болды. Полиция "марқұм өзіне қол салған" деген алдын ала болжам барын хабарлады. Марқұмның жақындары Ғайыпбаевтың "суицид жасағанына" сенбейтінін айтқан.
- Нұрғанат Ғайыпбаевтың қазасынан кейін Шерзат Полаттың жақындары әкімшілік жауапқа тартылды. Марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 күнге қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынған.