"Қызымның өмірі жәй сан болып қалмауы керек". Алматыда қаза болған қыздың анасы президенттен көмек сұрады

Aknar Gulstan. Photo from social networks

Алматыда көп қабатты үйден құлап, қаза болған 22 жастағы Ақнәр Гүлістанның анасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылды. Видеомәлімдеме Instagram-дағы Justice_for_aqnar парақшасында жарияланды.

Ақнәрдің анасы Гүлістан Қамиттің айтуынша, дәлелдер мен видеоматериалдар қызының бұл әрекетке өз еркімен бармағанын көрсеткен.

"Денесінде азаптаудың ауыр іздері болды. Телефонынан табылған видеоларда қызымды ұрып-соғып, қорлап жатқан сәттер бейнеленген. Қауіпсіздік камераларынан алынған жазбаларда оны терезеден лақтырып жібергені, оқиғадан кейін қызымның барлық мүлкі, ақшасы, заттары тіпті киімдері де жоқ болып шықты. Оның жанында болған екі қыз Қытай халық республикасының азаматтары (аттарын атайды – ред.) осы қылмысқа тікелей қатысы болуы мүмкін. Соған қарамастан олар бостандықта жүр. Бірі тіпті елден шығып, қайта оралды. Енді бірі 2025 жылдың 25 қаңтарында Қазақстан азаматтығын алды. Тергеп тексеру амалдары барысында ешқандай бұлтартпас шарасы қолданылған жоқ. Алматы қалалық тергеу органы мен прокуратурасы бұл істі жеңіл баппен - "өзіне-өзі қол жұмсауға итермелеу" деп бағалап, шынайы тергеу жүргізбей отыр" деді марқұмның анасы.

Ол президенттен қылмыстық істің бабын ауыстырып, "адам өлтіру" және "заңсыз бостандықтан айыру" баптары бойынша қарастыру туралы бұйрық беруді өтінді. Марқұмның анасы Алматының тергеу органдарына сенбегендіктен істі Астананың арнайы тергеу органдарының бақылауына беруді өтінді. Бұған қоса, Ақнәрдің өліміне қатысты бар күдіктілерді қамауды және тергеуді әділ жүргізуді сұрады.

"Мен тек қызым үшін емес, барлық ана мен болашақ ұрпақ үшін әділет сұрап отырмын. Қызымның өмірі жәй ғана сан қатарында жазылған статистика болмауы керек. Ол тірі жан еді. Арманы бар, болашағы бар сүйікті балам еді. Сол баламның әділдікке лайық екенін дәлелдеуге көмектесуіңді сұраймын" деді Гүлістан Қамит.

2024 жылы 20 шілдеде Алматыда 22 жастағы студент Ақнәр Гүлістан көп қабатты тұрғын үйден құлап мерт болған. Полиция "өзін өлтіруге итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Марқұмның туыстары оны азаптап, терезеден құлатып жіберген деп санайды. Марқұмның анасы баспасөз жиынында және Азаттыққа берген сұхбатында қызының денесінен соққы іздері табылғанын, тырнақтары мен шаштары жұлынғаны анықталғанын айтқан. Ол сонымен біре соны дәлелдейтін видео-фото материалдар берген. Марқұмның отбасы істі "Адам өлтіру" және "Азаптау" баптары бойынша тергеуді және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Ақнәр Гүлістан - Алматыдағы КИМЭП университетінің түлегі. Анасының сөзінше, ол бес тілде еркін сөйлеген, арман-мақсаты бар қыз болған.