Your browser doesn’t support HTML5
Сарбаз өзін атып тастады. Бұған тек сержант кінәлі ме?
Жеті ай бұрын 18 жастағы ұлын жер қойнына тапсырған түркістандық Арман Тоғызбаев пен Рахима Жандарованың таяуда шыққан сот үкімінен соң да жаны жай табар емес. Балаларының әскерде көрген қорлығы мен тергеу барысы туралы Азаттыққа олар бірде күйініп, бірде көңілі босап әңгімеледі.
Түркістан облысы Жаңабазар ауылының тумасы Мұхамедияр Тастан 2024 жылы қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлттық қауіпсіздік қызметіне қарасты "Құмбел" шекара бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. Туыстарының айтуынша, әскерге өз еркімен барған жас жігіт болашақта әскери қызметкер болуды армандапты.
Екі айға жетер-жетпес уақыттан соң үй іші Мұхамедияр шекара бөлімінің қарауыл мұнарасында күзетте тұрғанда өзін-өзі атып тастаған деген суық хабар алған.
Мұхамедиярдың жаназасына жиналған жұрт. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылы. 9 қараша, 2024 жыл.
ҮКІМГЕ НАРАЗЫЛЫҚ
Мұхамедияр Тастанның қазасынан соң өзін-өзі өлтіруге жеткізу бабымен қылмыстық іс қозғалды. Содан бері тергеу жүріп, биыл 23 сәуірде Семей гарнизонының әскери соты үкім шығарды. Судья "Құмбел" шекара бөлімінде әскери қызмет атқарған кіші сержант Азамат Тақыбаев 451-баптың 2-бөлігінде қарастырылған қылмыстық әрекетті жасағаны, яғни қызмет өкілетін асыра пайдаланғаны және сарбаз өліміне жанама себепкер болғаны үшін айыпты деп ұйғарды.
Сот дерегінше, Тақыбаев Тастанға бірнеше рет моральдық және физикалық қысым көрсеткен, ұрып, қорлаған. Сот Тақыбаевты 6 жылға бостандығынан айырып, сарбаздың ата-анасына моральдық өтемақы ретінде 11 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Мұхамедиярдың әке-шешесі мұндай үкімге келіспейді.
– Адам қазасына себепкер деп танылған кісіге алты жыл бере ме? Сонда ол сержант енді бес жарым жыл отырып, шығып кетеді екен. Сұмдық қой мынау, – деді марқұм сарбаздың әкесі Арман Тоғызбаев Азаттыққа. – Сонша қорлап, өзін-өзі атуға дейін жеткізген адамды бес жарым жылға қалай соттайды?
– Біз баламызды әскерге өлтірсін деп жіберген жоқпыз ғой. Біреудің қол астына таяқ жесін деп жібермедік. Бұл шешімге келіспейміз, – деді Мұхамедиярдың анасы Рахима Жандарова.
Мұхамедияр Тастанның әкесі Арман Тоғызбаев пен анасы Рахима Жандарова.
– Баламызды құлдық дәуірге апарсын, "концлагерьде" сынасын деген жоқпыз. Не жазығы бар еді баланың? 18-ақ жаста еді ғой! – деп налыды марқұм сарбаздың әкесі. – Арманы көп еді. Әскерге барып келемін, келісім шартпен қаламын, әке-шешеме көмектесемін, оқимын, үйленемін деп отырған баламды табытқа салып қайтарды. Осыған жеткізген адамға қандай жаза лайық болар еді? Осыған жол берген офицерлер дым болмағандай жұмысын істеп жүре бере ме?
САРБАЗДАР КӨРГЕН ҚОРЛЫҚ
Мұхамедияр Тастан 2024 жылы наурызда өз еркімен әскер қатарына аттанып, алты ай бастапқы дайындықтан өткен. Кейін Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауданы аумағындағы "Құмбел" шекара бөліміне жіберілген. Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қарайтын ол бөлім мемлекеттік шекараны күзету, шекара режимін сақтау, сондай-ақ жауынгерлік даярлықты қамтамасыз ету сияқты міндеттерді орындайды.
Ауылда ат баптап, көкпар тартып өскен жас жігіт әскери бөлімге барған соң, өз өтініші бойынша, шекара қызметіне пайдаланылып жүрген жылқыға жауапты болып бекітілген. Сөйтіп шекара бөліміндегі атқораға жауапты кіші сержант Азамат Тақыбаевпен бірге жұмыс істеген.
Сот процесі кезінде бірнеше сарбаз старшина міндетін атқаратын Тақыбаевты бөлім ішінде бірнеше рет масаң күйде көргенін айтқан. Тақыбаев мұны жоққа шығарады. Ол бірнеше рет казармада ұйықтап жатқан сарбаздарды оятып сапқа тұрғызып, әрқайсының қызмет міндетін жеке-жеке сұрап, жұмысын бітірмегендерді "балағаттап, ұрсып-сөккен".
Әскери борышын өтеп жүрген Мұхамедияр Тастан (сол жақта).
Сот тыңдауы кезінде куәлік еткен бірнеше сарбаз Тақыбаев әсіресе қатардағы жауынгер Мұхамедияр Тастанға ерекше шүйлігетін деген. Ол Мұхамедиярға: "Атқораға неге дұрыс қарамайсың? Аттар суарылмаған, шөбі шашылып жатыр!" деп зекіп, балағаттаған. Тағы бір куәгер кіші сержант Тақыбаев қатардағы жауынгер Тастанға көптің көзінше кейін де шүйлігіп: "Жарты күнде атқораны жинамапсың" деп, жаза ретінде оны бөлім аумағын сыпырып-тазалауға жібергенін айтқан.
Сотта куәлік берген бірнеше әскери қызметкердің бәрі бірауыздан Мұхамедияр Тастанға шамадан тыс қызмет жүктемесі артылғанын айтқан. Ол мемлекеттік шекараны күзету қызметінен бөлек, әскери бөлімде кавалериялық жаттығу бойынша нұсқаушы болып тағайындалғандықтан, бірнеше күн жеткілікті тынықпастан нарядқа шығып жүрген. Ефрейтор Данилевичтің сөзінше, кіші сержант Тақыбаев кейде Мұхамедиярды ұйықтап жатқан жерінен оятып алып, жылқыға шөп салуға, суаруға жұмсаған.
Мұхамедияр өзіне қол жұмсардан бес күн бұрын, 2024 жылғы 2 қарашада кіші сержант Тақыбаевтан таяқ жеген. Командир сарбаздарды сол күні атқора маңына шақырып алып, бәрінің көзінше Мұхамедиярға жылқының күйі нашар деп ұрысып, балағаттап, ар-намысқа тиетін сөздер айтып, сарбаздың бетінен екі рет шапалақпен ұрған. Кейін де бірнеше рет ұрысып, Тастанға атқора емес, әжетхананы тазалайсың деп қорлық көрсеткен.
Мұхамедияр кейінгі күндері өзі сөйлесетін сарбаздың біріне старшина Тақыбаевтың ұрсып-зекуінен шаршағанын, оны да, атқораны да көргісі келмейтінін айтқан.
ҚАРАУЫЛ МҰНАРАСЫ БАСЫНДА АТЫЛҒАН ЕКІ ОҚ
Мұхамедияр Тастан 2024 жылғы 7 қарашада түске дейін атқорада жұмыс істеп, түстен кейін шекара бөлімінің қарауылы міндетін атқаруға кетеді.
15:30 шамасында Мұхамедияр қарауылға берілетін АК-74 автоматын, 50 дана жауынгерлік оқ-дәрі мен екі оқсалғыш алған. Сөйтіп шекара бөлімінен 30-40 метр жерде тұрған, биіктігі 14 метр қарауыл мұнарасына бет алған.
Бестің шамасында ефрейтор Сейфоллаев мұнарада тұрғын Мұхамедиярға рациямен хабарласып, "учаскелерде жүрген көліктерді бақылып отырсың ба?" деп сұрайды. Тастан "ешқандай көлік көрінбейді" деп жауап берген. Бұл – сарбаздан түскен соңғы рапорт еді.
Сейфоллаев бір-екі минуттан соң мұнарадан екі рет атылған қару дыбысын естіген. Мұнара басына жедел көтеріліп, люкті ашқанда басынан қан ағып жатқан Мұхамедияр Тастанды көрген.
Мұхамедияр Тастан.
Сот үкімінде сарбаз қаза тапқан мұнараның басындағы көріністі сипаттаған хаттама берілген. Ондай былай деп жазылған (қаз-қалпында берілді):
"Мұнара ішіндегі қызыл түсті ағаш жәшіктің үстінде ер адамның отырған қалпындағы мәйіті бар. Мәйіттің үстінде әскери нысандық үлгідегі қыстық киімі бар. Мәйіттің басы алдыға қарай еңкейіп отыр. Бас киімі желке жағында жатыр, екі қолында қара түсті бес саусақты қолғап киген. 2 қолы 2 аяғының үстінде тұр. Аяғында қара түсті берцы етігі бар. Мәйіттің алдында басының сол жағында АК-74 модельді мылтық бар. Дүбі жерге тіреліп тұр. Мылтықтың белбеуі өзіне оралған. Мылтықтың сақтандырғышы бір рет төмен түсірілген күйде, яғни автоматты күйде тұр. Мылтықты қарау кезінде ішінен 1 дана оқ шықты. Мылтықта тұрған магазин ішінде 22 дана оқ тұр. Мәйіттің оң жағында еденде 1 дана гильза жатыр. Мәйіттің аяғының жанында қанның арасында 1 дана гильза жатыр. Мәйіттің алдыңғы жағы еден қан болып жатыр, мәйітті қарау кезінде иегінің астында қарайып күйген жері бар. Осы жерген оқ басына кіріп, төбесінен шыққанын көруге болады".
Мұхамедияр өзін атып тастағаннан кейін бір жарым сағаттан соң, 18:30-да ауылдағы анасына әскери бөлім өкілдері телефон шалып, қаралы хабарды естірткен.
Үй іші Мұхамедиярмен соңғы рет содан төрт күн бұрын, 3 қарашада сөйлесіпті. Видеобайланыс арқылы ауылдағы әжесін, ата-анасын, аға-әпкелерін көрген. Сонда анасы ұлының жабырқап әрі шаршап отырғанын байқаған. "Күнде нарядқа түсесің бе?" деп сұраған анасына Мұхамедияр тура жауап бермей, әңгімені басқа тақырыпқа бұрған.
Шекарашылар бөліміндегі қарауыл бекеті. Скрин otyrartv арнасының youtube-парақшасындағы видеодан алынды.
– Мамасы "Төрт ай шыдасаң болды, балам" деп еді, "Тағы төрт ай шыдаймын ба?" деп қалды. Ол намыстанды. Бұрын да сырын айта бермейтін. Шыдамай кеткен ғой ана қорлыққа, – деді әкесі Арман Тоғызбаев. – Әлгі қысымды офицерлер көрмей қалмады емес, көрді. Не бірге жүрген солдаттар, не офицерлер, не келісім-шарт бойынша қызмет етіп жүргендер өзін қолдамаған соң, қолдайтын адам болмаған соң, зәбір көріп, өзін атып тастады деп ойлаймын. Бізге баламның әскерде бірге болған жолдастары Мұхамедиярдың өлерінен сәл бұрын түскен суретін жіберді. Құлазып отыр. Балам сынып қалғаны түрінен көрініп тұр. Моральдық, психологиялық тұрғыда шаршаған. Өзімнің баламды танимын ғой. Тыныштық бермеген ғой балаға. Ұйқы бермеген. Тиісе берген. Кішкентай ыдыспен тамақ ішеді. Тоймайды. Солдаттардың өзі де сот кезінде айтты. Ол [сөздері] сот қағаздарында бар ма, жоқ па – білмеймін. Бір күні контрактник офицерлер – мәнті, ал солдаттар қарақұмық жеген екен. Олардың ешкім адам құрлы көрмеген.
ТЕК СЕРЖАНТ КІНӘЛІ МЕ?
Марқұм сарбаздың әке-шешесі Мұхамедиярдың қазасына жалғыз сержант жауапты деп танылғанына наразы. Олар шекара бөліміндегі офицерлер қызметін тиісті дәрежеде атқармағаны үшін жауап беруі керек деп есептейді.
Олар, мәселен, офицер Тоқсанбаев шекара бөліміндегі әлімжеттіктен хабарсыз болды дегенге сенбейді. Ал Мұхамедияр өзіне қол жұмсаған күні қарауыл мұнарасында тиісті уақыттан артық тұрғанын айтады. Оған басқа офицер – майор Садықов жауапты болған.
Сот кезінде айтылған қызметтік тексеріс қорытындысына қарағанда, сарбаз қаза болған күні офицер Садықов қараңғы түссе де қатардағы жауынгер Тастанды қарауыл мұнарасынан бірден төменге түсірмеген. Бұл қауіпсіздік талаптарына қайшы деп танылған. Бірақ офицерге ол бойынша шара қолданылмаған. Қызметтік тексеріс тәрбие және идеологиялық жұмыстарға жауапты офицерлер де, әскери психолог та өз міндетін толық орындамағанын анықтаған.
Мұхамедияр Тастанның қаза болардан бірер күн бұрын түскен суреті.
– Сот офицерлердің әрекетіне құқықтық-қылмыстық баға берген жоқ. Олар туралы ешкім ештеңе деген жоқ. Сотталған старшина Тақыбаевтың адвокаттары да офицерлердің ісі бөлек қаралуы керек деді. Біз де қайта-қайта сұрадық. Бірақ жауап болған жоқ, – деді Арман Тоғызбаев.
Марқұм сарбаздың әкесі бұл іс бойынша тек бір адамды – кіші сержант Азамат Тақыбаевты ғана соттау туралы келісім болған деп топшылайды. "Сарбаздар да, басқа қызметкерлер де тек сол старшинаны қаралап сөйлеген".
– Әлгі бөлімде балаларды әркім бір ұрған, шетінен зәбір көрсеткен. Қинап қазша жүргізген. Ұйықтатпаған. Құл сияқты ұстаған. Бәрінің қолы көгерген. Енді олар осының бәрін тек Тақыбаевқа жауып отыр. Балаңыздың түбіне жеткен тек сол деп отыр, – деді Мұхамедиярдың әкесі Азаттыққа.
Сотталған кіші сержант Азамат Тақыбаев та осылай дейді. "Екі офицер – Тоқсанбаев пен Садықов басқа сарбаздарды маған қарсы сөйлетіп отыр" деп есептейді ол. Өзі марқұм Мұхамедиярға ешқашан қол көтермегенін, қысым көрсетпегенін айтқан.
Тақыбаевтың сөзінше, офицер Тоқсанбаев шекара бөлімінде бірнеше рет сарбаздарға балағат сөздер айтып, Мұхамедиярды ұрғанын да көрген. "Түнгі уақытта сарбаздарды іш киіммен сапқа тұрғызып, балағаттап ұрысқан сәттер де болды" дейді ол. Яғни, сотталушы Тақыбаев Мұхамедиярдың өзіне қол жұмсауына басқа әскери шенділердің сарбаздарға көрсеткен қысымы да әсер еткен болуы мүмкін деп есептейді.
Мұхамедияр Тастан (ортада).
Бірақ сот кезінде екі офицер – Тоқсанбаев пен Садықов сарбаздарға "қысым болғанын білмегенін", Мұхамедияр Тастанның денесін тексеру кезінде "әлдебір соққы іздері анықталмағанын" айтқан.
– Өтірік айтады олар, – деді жәбірленуші Тоғызбаев. – Бәрі адам айтқысыз қорлық көрсеткен. Америкадағы Гуантанамо түрмесін сол жақта істеген ғой. Баламның денесіне жүргізілген сараптамада қолында, санында доғал заттан қалған көгерген із бар деп жазылған. Күректің сабымен ұрған деп ойлаймын. Қолының сыртында тұр ғой көгерген із. Соны көрмедік деп қалай айтады? Олар бәрін біліп тұрып, осыған жол бергеніне, баланы сақтап қала алмағынан ішіміз ашиды біздің.
Азаттық марқұм сарбаздың ата-анасының уәжіне байланысты Қазақстанның Бас әскери прокуратурасына жазбаша сауал қойды. Бас прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев редакцияға жолдаған жауапта сотталған Тақыбаевтың кінәсі дәлелденгені, офицерлер Тоқсанбаев пен Садықовтың іс-әрекеттері бойынша тексеру жүргізілгені және заң бұзу жайттары анықталмағаны жазылған.
"Аталған оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, бірқатар лауазымды тұлға төменгі не басқа қызметтерге ауыстырылған" деп жазған Қазиев. Бірақ нақты қандай ауыс-түйіс болғаны, Мұхамедиярдың ата-анасы айыптаған офицерлердің қызметі қалай өзгергені беймәлім.
Мұхамедияр Тастанның жаназасына жиналған жұрт.
Мұхамедияр Тастанның мәйітінен туыстары көгерген іздер көрген. Бұл бойынша тергеу не анықтады? Сарбаздардың денесін тексеріп жүрдік деген офицерлер мұны байқамауы қызметіне атүсті қарау күдігін тудырмай ма? Өзіне қол салардан бұрын сарбаз үйінен ақша сұрауды жиілеткен. Туыстары ұлын әскери бөлімде ақша табуға мәжбүрледі деп есептейді. Мұхамедияр үйінен алған ақшаны қайда жұмсағаны, әлдекімге бергенін не бермегенін тергеу анықтады ма? Айыпкер Тақыбаев сот кезінде шекара бөліміндегі екі офицер – Тоқсанбаев пен Садықов сарбаздарды өзіне қарсы куәлік беруге мәжбүрлеген деді. Олар тергеуге ықпал етті деген пікірге негіз бар ма? Азаттық Бас әскери прокуратураға жолдаған ресми хатта осы сауалдарды да қойған еді. Бірақ прокурор бұл сұрақтарды елеусіз қалдырған.
Қорғаныс министрлігі былтыр кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза болды деп мәлімдеген. Марқұмдардың туыстары да, көпшілік те негізінен әскери бөлімдердің басшыларына кінә артады. Ресми ақпаратта "әскери қызметшілердің өліміне көп жағдайда ауру, жол апаты мен суицид себеп болған" деп көрсетілген.
Бірақ Мұхамедияр Тастан борышын өтеген Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінде қанша сарбаз қаза тапқаны белгісіз. Шекара қызметі ондай дерек "құпияға жатады" деп отыр.