Еуроодақ Азаттыққа 5,5 млн еуро көлемінде көмек береді

Еуроодақ Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясына 5,5 млн еуро көлемінде көмек береді. Бұл жөнінде 20 мамырда ЕО-тың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас мәлімдеді.

Калластың сөзінше, одаққа мүше елдердің саясат жөніндегі басшылары "Азат Еуропа радиосының өте маңызды жұмысын қолдау үшін" осындай қаржы бөлу туралы шешім қабылдаған.

ČT24 телеарнасының жазуынша, қаражат "Демократия үшін Еуропа қоры" үкіметтік емес ұйымы арқылы жіберілмек. Штаб-пәтері Прагада орналасқан «Азат Еуропа/Азаттық» радиосына қаржы іздеу бойынша Еуроодақтың талпыныс жоспарына Чехия үкіметі жетекшілік етпек.

Калластың сөзінше, ЕО ұйымның толық қаржы шығынын өтей алмайды, бірақ "көрші орналасқан" және "тәуелсіз ақпаратқа зәру" елдерге көмектесе алады. Ол сонымен бірге АҚШ-тан көмектің азаюына байланысты одақ көмек көрсету бойынша "стратегиялық бағыттарды" да қарастыратынын атап өтті.

Ол ЕО елдері алдағы уақытта көбірек қаржы бөледі деп үміттенетінін жеткізді.

Азаттық радиосы қазір Конгресс бөлген қаражатқа қол жеткізу үшін АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігімен (USAGM) соттасып жатыр.

  • Азат Еуропа/ Азаттық радиосы – 1953 жылдан бері жұмыс істейтін тәуелсіз медиаұйым. Ол Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік арқылы АҚШ Конгресі бөлетін қаражат есебінен жұмыс істейді.
  • Қазақ тілінде хабар тарататын Азаттық радиосы - Азат Еуропа/ Азаттық радиосының құрамдас бөлігі. Ол 1953 жылдан бері жұмыс істейді.
  • Наурызда USAGM Конгресcтің биыл Азаттыққа бөлген шамамен 75 млн долларын бұғаттағанын мәлімдеген. Мұндай шешімді USAGM-ның уақытша басшылығы АҚШ президенті Дональд Трамптың "АҚШ салық төлеушілерінің қаражатын ысырапсыз жұмсауды жою туралы" бұйрығы негізінде қабылдаған. Азат Еуропа/Азаттық радиосы Вашингтондағы федералды округтік сотта USAGM басшылығының шешіміне қарсы шағым түсірген. Cодан бері Азаттық радиосы мен USAGM арасындағы сот жалғасып жатыр.
  • Қаржыландыруды тоқтату туралы ақпарат шыққанда Азаттық оқырмандары оған қолдау білдіріп, түрлі пікір айтты.