Дональд Трамп пен Владимир Путин екі сағаттан артық сөйлесті

АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путиннің суреттерінен коллаж

Дүйсенбі, 19 мамыр күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен Украинадағы қарулы қақтығысты тоқтату мәселелерін талқылады. Екеуара телефон әңгімесі екі сағаттан астам уақытқа созылды.

Кейінірек Путин Трамппен болған әңгімесін "конструктивті" әрі "пайдалы" деп атап, Ресей үшін ең бастысы – "дағдарыстың бастапқы себептерін жою" екенін айтты. Оның сөзінше, Ресей Украинамен болашақ бейбіт келісім жөніндегі меморандум аясында жұмыс істеуге "дайын".

"Егер әлдебір жайттарды нақтылау қажет болса, президент Трамппен бүгінгі келіссөзіміздің кейбір егжей-тегжейін баспасөз хатшысы (Дмитрий) Песков пен көмекші (Юрий) Ушаков мырза кейінірек түсіндіреді", – деді Путин.

АҚШ президенті Дональд Трамп Путинмен әңгімесі жайлы баяндаған кезде Ресей мен Украина атысты тоқтату туралы келіссөзге "дереу" кіріседі деп мәлімдеді.

"Ресей президенті Владимир Путинмен екі сағат әңгімені жаңа ғана аяқтадым. Барлығы өте жақсы өтті деп есептеймін. Ресей мен Украина атысты тоқтату жөніндегі және одан да маңыздысы – СОҒЫСТЫ ТОҚТАТУ жөніндегі келіссөзге дереу кіріседі. Оның шартын екі тарап өзара келіседі, солай болуға тиіс, өйткені келіссөздің барлық егжей-тегжейін олардан артық ешкім білмейді. Әңгіме ауаны керемет болды. Егер олай болмаған болса, мен оны кейін емес, осы қазір айтар едім. Ресей бұл алапат "қанды қасаптан" кейін АҚШ-пен ауқымды САУДА қарым-қатынасы болғанын қалайды және мен онымен келісемін. Ресейдің жұмыс орнын ашып, әл-ауқатты арттыратын зор әлеуеті бар. Оның мүмкіндіктері – ШЕКСІЗ. Сол сияқты, Украина да өз елін қалпына келтіру барысында сауда саласында үлкен пайдаға кенеле алады. Ресей мен Украина арасындағы келіссөз дереу басталады. Мен президент Путинмен сөйлескен соң бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленскийге, Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенге, Франция президенті Эммануэль Макронға, Италия премьер-министрі Джорджа Мелониге, Германия канцлері Фридрих Мерцке және Финляндия президенті Александр Стуббқа бірден хабарладым. Ватикан, Рим папасы келіссөздерді өз аумағында өткізуге ынта танытты. Олай болса, бұл процесс басталсын!" – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Кремль Путин мен Трамптың әңгімесі барысында Украинадағы атысты доғару жөніндегі келіссөздің нақты мерзімі талқыланған жоқ деп мәлімдеді.

Путин мен Трамптың телефон әңгімесі жайлы берген түсініктемесінде Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ президентінің Украинадағы қақтығысқа қатысты ұстанымын "айтарлықтай бейтарап" деп сипаттады және оған қоса еуропалық елдерді "украинашыл ұстанымда" деп айыптады.

Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков журналистерге АҚШ пен Ресей жаңа тұтқын алмасуды жоспарлап отыр, бұл жолы "9-ға 9" формуласы бойынша іске асырылмақ деп хабарлады. Ушаков ондай тұтқын алмасуды "маңызды гуманитарлық қадам" деп атап, одан өзге мәлімет берген жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БАҚ: Трамп Путинмен сөйлесер алдында Зеленскийге телефон шалды