АҚШ-тың бұрынғы президенті, 82 жастағы Джо Байден қуықасты безінің қатерлі ісігіне шалдыққан, дәрігерлер дерт асқынып, сүйекке шапқан деген диагноз қойған. Бұл ақпаратты экс-президенттің кеңсесінің мәлімдемесіне сүйеніп, Батыс басылымдары хабарлады.
Байденге әлгіндей диагноз 16 мамыр күні қойылған. Мәлімдемеде бұрынғы президент пен оның отбасы қазір дәрігерлермен бірге ем-дом жолдарын қарастырып жатқаны айтылған деп хабарлады Reuters пен BBC News.
"Бұл осы дерттің неғұрлым агрессивті түрі болғанымен, обыр гормондарға сезімтал сияқты болып көрінеді, бұл оны тиімді емдеуге мүмкіндік береді", — делінген мәлімдемеде.
Солтүстік-батыс денсаулық сақтау желісінің онкология бағдарламасының медициналық директоры доктор Крис Джордж сүйекке шапқан обырды толық емдеу мүмкін емес екенін, әйткенмен дертті бақылауда ұстайтын емдеу тәсілдері бар дейді. Ал Лангондағы Нью-Йорк университетінің докторы Герберт Лепор тіпті қуықасты безі қатерлі ісігімен де көптеген ер адамдар "бес жылдан он жылға дейін, тіпті одан да ұзақ өмір сүре алатынын айтады" деп жазды Reuters.
Өзіне дейін елді басқарған Джо Байденді сынап жүрген АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп жексенбі күні Truth Social әлеуметтік желісінде пост жазып, Байден мен оның зайыбы Джиллге қолдау білдірді.
"Мелания екеуіміз Джо Байденге жақында қойылған медициналық диагноз туралы естіп мұңайып қалдық", – деп жазды Трамп әйелі екеуінің атынан. "Біз Джилл мен отбасына ең жылы әрі жақсы тілегімізді білдіреміз және Джоның тезірек оңалып, жазылып кетуін тілейміз".
АҚШ-тың 46-президенті Байденнің тұсында вице-президент болған Камала Харрис "Джо — күрескер, ол бұл сынақты да өзін өмір жолында жетекші болуға жетелеген күш-жігерімен, қайсарлығымен өткеретініне сенімдімін" деп жазды.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама (оның тұсында Байден екі мерзім вице-президент болған) "Мишель екеуіміз күллі Байдендер отбасын ойлап отырмыз. ... Ол бұл сынаққа өзіне тән батылдығымен төтеп береді деп кәміл сенемін" деді.
Джо Байден АҚШ президенті болған 2021–2025 жылдар аралығында оның денсаулық жағдайын қоғам назарда ұстады. Екінші мерзімге сайлану мақсатымен демократиялық партиядан кандидат ретінде саяси додаға түскен оның республикашылдар кандидаты Дональд Трамппен өткізген телесайыста сөзден тосылып қалғаны жақтастарының алаңдаушылығын туғызған. Байден былтыр шілде айында сайлау науқанынан шығып, өзінің саяси серігі, вице-президент Камала Харриске жол берген. Харрис сайлауда Трамптан жеңіліп қалды.
Джо Байден 2020 жылы сайлауда жеңіске жеткен кезде АҚШ тарихында президент болып сайланған жасы ең үлкен адам болды. Президент қызметіндегі өкілеті аяқталғаннан кейін Байден жұрт алдына тек бірнеше рет қана шықты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Джо Байден: Владимир Путин Украинаны тұтас алғысы келеді