Белсенді Марғұлан Боранбаев түрмеден босап шықты

Белсенді Марғұлан Боранбаев (сол жақта) және парламент депутаты Ермұрат Бапи (оң жақта). Бапидың парақшасынан алынған сурет.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи 20 мамырда Facebook парақшасында "елдің егемендігіне, қазақтың намысына араша түсем деп, сотты болған Марғұлан бауыр Боранбай бес жылдан соң түрмеден шығып, ағасына амандасуға келіпті" деп жазды. Боранбаевпен түскен суретін де жариялаған.

Бапидің сөзінше, олар "шартты түрде мерзімінен ерте босап шығуына көмектесу үшін" былтыр күзде түрмеге барған кезде белсенді "ешкімнен кешірім сұрайтындай кінәм жоқ" деп өтініш жазудан бас тартқан.

Қазақстандағы саяси қудалау туралы ақпарат тарататын Tirek info сайтының мәліметінше, Марғұлан Боранбаев әлеуметтік желіде ұлттық-патриоттық тақырыптар жөнінде жазатын белсенді. Ол Қазақстандағы отарсыздандыру және советтік мұралардан арылу мәселелерін қозғаған.

2022 жылғы наурызда Алматы соты Марғұлан Боранбаевты 2018 жылдан бастап әлеуметтік желіде "ұлтаралық және әлеуметтік араздық қоздыратын", "орыс ұлты өкілдерінің ұлттық ар-намысына тиетін жазбалар жариялағаны" үшін айыпты деп танып, бес жылға соттаған.

Белсенді әлеуметтік желіде ресейлік шенеуніктердің Қазақстан жөнінде айтқан сындарына қарсы пікір білдіріп, Қазақстанның Ресеймен интеграциясына қарсы екен айтқан және Ресейдің Украинаға басқыншылығын сынаған. Боранбаев әлеуметтік желіде жазбаларды жазғанын мойындаған, бірақ өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеген.

2023 жылы қыркүйекте Ермұрат Бапи түрмеде белсендінің соққыға жығылғанын айтқан. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ақпарат "шындыққа сәйкес келмейді" деп мәлімдеген.