«Алға, Қазақстан» тіркелмеген оппозициялық партиясының лидері, марафоншы Марат Жыланбаевқа адвокаты Мейіржан Досқараев кіріп шықты. “Белсенділер экстремист емес” тобы Степногорскіге барған адвокат пен белсендіні қолдаған жақтастарының видеосын жариялады.
“Қазір жағдайы жақсы дейтіндей ешнәрсе жоқ. Өйткені осы аштықтан кейін денесі ісіп кеткен. Тұзды тамақтан дейді. Дәрігер тексеріп, анализ бәрін алған. Қазір сол дүкенге барып, ішінде дүкен бар ғой, сол дүкеннен тұзы жоқ тамақ, су алсам ба деп ойлаған. Бірақ оған арыз жазып, рұқсат алу керек екен. Сол бойынша қазір бастығына кіріп шықтым. Айттым. Сондықтан әзірге жағымды ешнәрсе жоқ” деді адвокат Мейіржан Досқараев видеода.
Адвокаттың сөзінше, қазір түрме әкімшілігі Жыланбаевтан бұрынғы басшылық рұқсат берген заттарын (ағаш жонатын, сурет салатын заттар, шағын тоңазытқыш тағы басқа) мекемеден алып кетуді талап етіп отыр. Оның сөзінше, Жыланбаев наурыздан бері бірде-бір газет алмаған. Оған жазылған хаттар да жетпейді. Ең соңғы хатты былтыр тамызда алған.
Телеграм-арнаның хабарлауынша, бүгін адвокатпен қатар белсендінің жақтастары да Степногорскідегі N4 мекемеге барған.
Бұған дейін Жыланбаевқа түрмеден телефон шалуға тыйым салынғаны хабарланған еді.
Марат Жыланбаев сәуірде бастаған аштық акциясын 4 мамырда - 40 күн толғанда тоқтатқан. Жұбайы оның ағзасы әлсіреп, диарея басталғанын айтқан. Оның сөзінше, күйеуі қаншама протест жасаса да әлі күнге дейін не сурет салуға, не жүгіруге рұқсат берілмей отыр.
Өткен аптада әйелі Жыланбаевтың орамал, төсек жайма, өзге де жеке заттары тәркіленгенін айтқан еді. Ал ҚАЖД жоққа шығарған.
2023 жылы қарашада Астана соты Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен. Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды деумен келеді.
Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға шақырып келеді. International Partnership for Human Rights ұйымы жақында Жыланбаевқа бұлдыр әрі нақты емес тұжырымдармен тағылған айыптар оның бейбіт оппозициялық қызметі үшін кек алу мақсатында қозғалған деп мәлімдеді.