АҚШ президенті Дональд Трамп 19 мамырда еуропалық лидерлермен сөйлескен кезде "Владимир Путин Украинадағы соғысты аяқтағысы жоқ, себебі ол соғыста жеңіп жатырмын деп санайды" деген. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеп америкалық Wall Street Journal басылымы жазды.
19 мамырда Трамп Путинге хабарласып, Украинадағы соғыс туралы сөйлескен еді. Осыдан соң Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийге және Еуропа одағына мүше елдердің лидерлеріне хабарласқан.
Wall Street Journal басылымының жазуынша, еуропалық лидерлер Путиннің соғысты аяқтағысы келмейтінін бұрынырақ түсінген, бірақ мұны Трамптың аузынан алғаш рет естіген. Дегенмен Трамп бұған дейін "Путин соғыстан шаршады, қақтығысты тоқтатқысы келеді" деп бірнеше рет айтқан еді.
Ақ үй Wall Street Journal басылымына пікір білдіруден бас тартып, "АҚШ президенті Путинмен әңгіме қалай болғаны жайлы желіде жазды" деген.
Трамп Truth Social желісінде "Әңгіменің ауаны өте керемет болды. Олай болмаса, бірден ашығын айтар едім" деп жазған.
Бұған қоса, Трамп Еуропа жетекшілеріне Ресей мен Украина арасындағы келесі келіссөз маусым айының ортасында Ватиканда өтуі мүмкін деген. АҚШ президенті Ватиканға мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен арнайы уәкіл Кит Келлогты жіберетінін айтқан. Бұл жөнінде де The Wall Street Journal жазды.