ЖАППАЙ ШЕТТЕТУ НЕМЕСЕ "КӘНСІЛ"
Қазақстандық актер Серік Шәріп бұрынғы қалыңдығына қол көтергені үшін әкімшілік қамауға алынып, бір күннен кейін Salem Entertainment медиакомпаниясы онымен серіктестігін тоқтатты. Бұған әлеуметтік желідегі айыптау науқаны түрткі болды. Актер әкімшілік жазасын өтеп шыққан соң, одан танымал блогер, пиар маманы Әлішер Елікбаев сұхбат алып, блогердің өзі дауға қалды. Елікбаев сұхбат берушінің кім екенін білгенде, жарнамашылар одан да сырт айналғанын айтты.
Әлеуметтік желіде қоғам болып танымал адамның қызметінен жаппай бас тарту, онымен жұмыс істейтін үшінші тарапқа қысым көрсету Батыстан келген тәжірибе екені айтылады. Ол жақта мұны cancel culture немесе бас тарту, шеттету мәдениеті деп атайды.
Желіде бұл тәжірибенің бастауы туралы ақпарат көп. Ең жиі кездесетін анықтамаға сәйкес, "cancel" сленг сөз ретінде 1980-жылдары Батыс елдерінде қалыптасып, сол кезде "біреумен қарым-қатынасты үзу" деген ұғым ретінде қолданылған. Кейін әлеуметтік желі қолданушылары оған қоғамдық сипат берді, яғни термин "жаппай бас тарту" ұғымын білдіре бастады.
Қазақстандағы гендерлік теңдікті зерттеп жүрген заңгер Әйгерім Құсайынқызы қазақ қоғамы кейінгі жылдары cancel сөзін "кәнсіл" деп бейімдеп алғанын айтады.
– Кәнсіл құлаққа түрпідей тигенімен, оған бір-екі жылда үйреніп кетеміз, – дейді Құсайынқызы.
Қазақ қоғамында шеттету немесе бас тарту құбылысы бұрыннан бар. Мысалы, 1720-жылдардағы оқиғаны суреттейтін "Қалқаман – Мамыр" дастанында "дәстүрді бұзғаны үшін" екі жастың өлім жазасына кесіліп, Қалқаман жұртынан бас сауғалап қашқанын, "Қыз Жібек" жырындағы Төлегенге қастық жасағаны үшін елі теріс айналған Бекежанның образын осы концепт аясына кіргізуге болады.
Назарбаев университетіндегі кәсіпкерлікті зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, антрополог Индира Әлібаева "бұрын кәнсілдеу формасы мен таралу аумағы басқа деңгейде, атап айтқанда қауымдастық (ауыл, ру – ред.) деңгейінде" болғанын айтады. Себебі, оның сөзінше, ол заманда ақпараттық құралдар емес, тікелей физикалық қарым-қатынас басым болған.
Назарбаев университетіндегі кәсіпкерлікті зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, антрополог Индира Әлібаева
"Кәнсілдеу – әлеуметтік санкцияның бір түрі. Ертеректегі қауымдастықтарда кәнсілдеу әрекеті бір адаммен араласпау, оны тойға, асқа шақырмау секілді әрекеттерден тұрды. Кіші қауымдастықтарда әлеуметтік санкция қоғамдық тәртіпті реттеу механизмі болды" дейді ол.
Әлібаева Совет үкіметі заманындағы "кәнсілдеу" уәкілеті билікте болғанын айтады. Оның сөзінше, СССР кезіндегі басты "кәнсілдеу" құралы "қудалау, белгілі бір қызметке алмау, билікке қауіпті адамдардың іс әрекетін барынша шектеу" болған, яғни биліктің өлшемдеріне сай келмейтін адамдарды әлеуметтік, саяси эксклюзияға ұшыратқан.
Гендерлік мәселелерді көтеріп жүрген продюсер әрі сценарист Перизат Мырзахмет Қазақстанның мемлекеттік арналарында жоғарыдан жасырын "кәнсілдеу" әлі күнге дейін барын айтады. Оның сөзінше, телеарна жетекшілері басы дауға қалған қоғамдық тұлғаларды эфирге шығармау шешімін жасырын қабылдайды.
– Былтыр [әнші] Ұланғасыр Қамиевтің мас күйінде төбелескен сәті түскен видео тараған кезде телеарналар оның өзін және жоспарланған концерттерін эфирлерден алып тастады. Бірақ жариялап айтқан жоқ, – дейді продюсер.
Бас тарту феномені 2017 жылы Twitter желісінің АҚШ-тағы сегментінде #metoo хэштегімен жылдам өріс алғанымен, Қазақстанда қоғамдық бас тарту әрекеттері пандемиядан кейін жиілей бастады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия соғыс жөнінде ұстанымы бар ресейлік әншілердің концертін тыйып жатырБОЙКОТ ЖӘНЕ "КӘНСІЛДЕУ"
Бір-біріне ұқсас бұл екі ұғымның айырмашылықтары да бар. Қандай да бір ұйымға наразылық ретінде оның тауарынан не қызметінен бас тартуды білдіретін бойкот бұрыннан бар. Ал "кәнсілдеу" көбіне жеке тұлғаларға қарсы бағытталады. Бойкот көбіне экономикалық ұғым болса, "кәнсілдеу" – әлеуметтік не мәдени ұғым.
Бойкотқа ұшыраған компания үшін шығу жолы бар болса, кей жағдай "кәнсілдеуге" ұшыраған адам үшін мұндай мүмкіндік болмай жатады. АҚШ-та қазір дүниеде жоқ адамдарды да "кәнсілдеп" жатады.
Американы ашқан адам деп танылған Христофор Колумбты отарлауға үлес қосты деп, АҚШ тәуелсіздік декларациясы авторларының бірі Томас Джефферсонды құл ұстады деп айыптаушылар бар. "Кәнсілдеу" бойкоттан осы белгісімен де ерекшеленеді. Бірақ екі ұғым кейде ұштасып, кейбір компаниялар, тіпті елдер де "кәнсілдеуге" ұшырап жатады. Мұны зерттеушілер "тұтыну кәнсілі" деп атап жүр.
ТҰТЫНУ "КӘНСІЛІ"
Қазір қоғамның сынына ұшыраған адам не ұйым елден шеттетілмесе де, ортақ игіліктер мен мүкіндіктерден айырылады, виртуалды кеңістікте белгілі бір деңгейде оқшауланады.
Qazaq Coffee өкілі қазақша қызмет ала алмағанын айтып шағымданған азаматқа жазған жауабы үшін тұтынушыларынан айырылды. Көп өтпей кофеханалар желісі жабылып қалғаны белгілі болды.
Продюсер Перизат Мырзахмет "қазіргі біз көріп жүрген мәдени бас тарту халықтың амалсыздан жасап жүргені" дейді.
– Қоғам ұзақ уақыт бойы тілге қатысты, зорлық-зомбылыққа қатысты жағдайларды кешіріп келді. Мәселеге үңілмей, кешіре кешіре адамдар да шаршайды. Сосын әділетсіздікті заң жоюы керек қой. Бірақ бізде көп жағдайда заң істемей, іс сотқа жетпей қалып жатады. Содан халық жауапкершілікті талап етуді өз қолына алғанын байқаймыз, – дейді Мырзахмет.
Ғалымдар бүгінгі cancel мәдениетінде азаматтың капиталистік қоғамдағы "тұтынушы" рөлі алға шығатынын айтады. "Біздегі cancel құбылысына тұтынушы ретінде қатысамыз" дейді антрополог Индира Әлібаева.
"Үйіңізден аттап шыққаннан бастап, жұмысыңызға жеткізетін таксиді шақыратын платформаны және жолда кофе сатып алуға кофехананы таңдайсыз. Киім не техника сатып алуға дүкен не брендті таңдайсыз. Сондықтан тауар не қызметтен тұтынушы ретінде бас тарта аламыз", – деді ғалым.
Qazaq Coffee компаниясының жабылуына 2Gis платформасындағы тұтынушылар пікірі мен рейтингі әсер етті. Осыған ұқсас жағдайға жақында Қазақстанның үлкен қалаларында филиалдары бар Qatty Tatty кофеханалар желісі мен Астанада спорттық тауарлар сататын Envy дүкені тап болды. Бірінің кейсі бала құқығына қатысты болса, екінші дау қазақ тілінде қызмет көрсету мәселесінен туды. Олар дағдарыстан шығу үшін ресми мәлімдеме жасағанымен, тұтынушылар баға беретін платформадағы компаниялардың рейтингі төмендеп кетті.
SteppeUp стратегиялық коммуникациялар агенттігінің маманы Фатима Қосаева.
– Дағдарыстан шығу жолын іздегеннен оның алдын алған жеңіл. Сондықтан мен қоғамдық тұлғалар мен брендттерге өз беделіне саналы түрде қарауды ұсынамын. Нақтырақ репутациялық дағдарысқа ұрынбай әрекет етуге шақырамын. Яғни қылмыстық кодексті бұзбауы, адамдарды кемсітіп, қорламауы және іскерлік этиканы сақтауы керек, – дейді SteppeUp стратегиялық коммуникациялар агенттігінің маманы Фатима Қосаева.
Коммуникация маманы Қазақстандағы қазіргі мәдени бас тарту әзірге әлеуметтік желілердегі бойкотпен шектеліп отыр дейді "Магнум" кейсіне қатысты пікірінде. Сәуірдің басында "Магнум" супермаркетінің қызметкері онлайн тапсырыс берген клиетінен қазақ тілінде сөйлеуді сұрағанынан кейін жұмыстан шеттетілуі қоғам наразылығын оятты. Бастапқыда әлеуметтік желілерде #БойкотМагнум хэштегімен супермаркетті "кәнсілдеу" насихаты жүргенімен, кейін шағым айтқан клиентті кемсіткендер саны артты.
– Экономиканың дамуы, тауарлар мен қызмет түрлерінің баламаларының көбеюі және халықтың әл-ауқатының артуы – мәдени бас тартудың шынайы күшейуіне әсер ететін негізгі алғышарттар. Мысалы, бүгінгі таңда "Магнум" желісін жаппай шынайы түрде бойкоттаймыз деу – тым аңғалдық, себебі бұл желі баға жағынан өзге дүкендерден озық тұр, – деді StepUp маманы Қосаева.
Десе де, продюсер Перизат Мырзахмет "Магнумнан" халық толық бас тартпаса да, оны "саналы түрде айналып өтетін қазақтар көбейді" дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ #CancelElbasy. Басылым редакциясына Назарбаев суреті туралы жаңалықты алып тастауды талап еткен хат келдіЫҚПАЛЫ МЕН ЖАҒЫМСЫЗ САЛДАРЫ
Бас тарту мәдениеті деп қоғамдағы азаматтардың бір оқиғаға қатысты коллективті көзқарасын не наразылығын білдіру деуге болады. Ол – қозғалыс емес, көшбасшылары мен тіркелген мүшелері де жоқ. Жеке азаматтар да, қоғамдық тұлғалар да кейде әдейі, ал кейде байқамай "кәнсілге" ұшырайды.
Мысалы, 2020 жылдың тамызында Оңтүстік Калифорния университетіндегі Грег Паттон есімді ақ нәсілді профессор онлайн дәріс кезінде ағылшынша кемсіту сөзі секілді естілетін қытай сөзін қолданғаны үшін сол дәрісінен шеттетіледі. Нақтырақ, коммуникация сабағы кезінде қытай тіліндегі "nei ge", яғни қазақша "мынау" сөзі ағылшын тілінде қара нәсілді азаматтарды кемсітетін сөзге ұқсас естілгені үшін профессордың басы дауға қалған. Оның сол сөзді қайта-қайта айтқан видеосы кампуста тарап, оған ренжіген студенттер университет әкімшілігіне хат жазады. Көп өтпей, оны сол дәрісінен шеттетеді. Бірақ кейін сол университеттің қара нәсілді және тегі қытай ғалымдары "профессор Паттон әділетсіз жазаланды" деп әлеуметтік желілерде бастама көтерді.
АҚШ-тағы танымал актер Джонни Депті бұрынғы әйелі зорлық-зомбылық көрсетті деп айыптаған соң, сот-тергеу өтпей жатып киностудиялар актердің контрактілерін тоқтатып тастады. Бірақ бірнеше жылдан соң, бүкіл әлем бақылаған сот процесінде ол ақталып шықты. Осыған ұқсас жағдайға тағы бір актер Кэвин Спейси деп тап болған. Жыныстық қолсұғушылық айыбы тағыла сала Спейси де жұмыссыз қалды. Бірақ ол сотта жеңіп шықты. Осыдан кейін "кәнсіл" мәдениетіне күдікпен қарайтындар көбейді.
Перизат Мырзахмет "қоғамдағы кәнсілдеу құбылысы кезінде асыра сілтеу әрекеттері де бар, бірақ бұл үйрену кезіндегі табиғи процесс" дейді.
– Бас тарту өріс алғанда асыра сілтеу кез келген мәдени жаңарудағыдай болады. Бір құбылыс кіргенде, ол шарықтау шегіне жетеді де, кейін ортақ мүддеге сай алтын ортасын табады, – дейді продюсер.
Коммуникация маманы Фатима Қосаева бас тарту үдерісінде азаматтар дәл әрекетті сынау мен адамның жеке басының шекарасын анық көре білуі керек дейді.
– Сол шекарадан өтіп кетпеу маңызды. Адамның тұлғасын емес, нақты әрекетін талқылау керек. Әсіресе, айып тағылған адамның жақындарына, адвокаттарына, психологтарына, жұмыс берушілеріне өтіп, оларды шеттетпеу қажет, – дейді ол.
Назарбаев университетінде ассоциативті профессор, антрополог Әлима Бисенованың уәжі де коммуникация маманының пікірімен үндеседі.
– Адамдар кейде жеке адамның өзін емес, оның ата-анасын, туған-туыстарын, ортасын да айыптап, "кәнсілге" ұшыратады. Бұл әділ сараптау принциптеріне жат. Әке-шеше үшін баласы, кәмелеттік жасқа келген бала үшін әке-шешесі, туған-туысқандары айыпталмауы керек, – дейді Бисенова.
Бас тарту мәдениетінің басты элементі – ашық ұятқа қалдыру немесе "шейминг". Ерте орта ғасырларда айыптыны орталық алаңға шығарып дүре соққаны, Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" романында әр рудың өкілдері Қамқа мен Қодарға тас лақтырғаны осыған мысал.
Десе де, заңгер Әйгерім Құсайынқызы "кәнсілдің" түпкі мүддесі нысанаға түскен азаматты ұятқа қалдыру не қоғамдағы ызаны қанағаттандыру емес, моральдық жауапкершілік болуы керек дейді. Оның сөзінше, халық билік бекіткен құқықтық жауапкершілікке көңілі толмағанда, моральдық жауапкершілікті талап етіп, "кәнсілді" іске қосады.
Қазақстандағы гендерлік теңдікті зерттеп жүрген заңгер Әйгерім Құсайынқызы.
– Неліктен Шаконың (Шәріп Серік – ред.) 5 күндік әкімшілік қамауына халықтың көңілі толған жоқ. Себебі ол бірінші кейс емес. Былтыр [әнші] Рахат Тұрлыханов та болды. Әйелін ұрса да, сот оны босатты. Бірақ әлеуметтік желідегі резонанстан кейін апелляциялық сот шешімін өзгертіп, оны 15 күнге қамауға алды. Яғни билік [бас тарту мәдениетінің ықпалынан] халықпен санаса бастады, – дейді Құсайынқызы.
Заңгер қазақстандықтардың Шәріп Серікке деген ызасы билікке, оның ішіндегі сот жүйесіне деген сенімсіздіктің салдарынан шығып отыр дейді. Белгілі актер "кәнсілге" ұшыраған соң PR маманы Әлішер Елікбаевқа сұхбат берді. Сұхбатта Шәріп өз қателігін түсінгенін айтып, ақталады. Кейін қоғам Елікбаевты да "Шәріпті қолдай сөйледі" деп "кәнсілдей" бастады.
"Менің ойымша, оны (Шәріп Серік) қоғам ұзақ мерзімге шеттетті. Ол кінәсын мойындады, 5 тәулік қамауда отырды. Осыдан кейін оның өз беделін қайта көтеруіне құқығы болуы керек деп санаймын. Сол себепті, меніңше, жаза шамадан тыс болды", – деді Елікбаев "ГиперБорей" YouTube-арнасына берген сұхбатында.
Әйгерім Құсайынқызы Salem Entertainment медиа компаниясының оқиғаға қатысты ұстанымын ашық білдіргенін "кәнсілдің" оң нәтижесі деп санайтынын айтты. "Бұл өзге де танымал тұлғаларға және бизнеске белгі болды" дейді ол.
– Қазақстанда медиа кәнсілді агрессивті, демократиялық ұғымдарға қайшы тұратын, ызаланған, өмірге көңілі тоймайтын азаматтық қоғамдағы бір топтың пікірі ретінде [жиі] көрсетеді. Бұл – нағыз виктимблейминг, – дейді ол.
Коммуникация маманы Фатима Қосаева Қазақстанда бас тарту құбылысының жиілеуіне елдегі қордаланған мәселелер көбейгенін, оны көтеретін дербес медиа ресурстардың аздығы да әсер етіп отыр дейді. Десе де, Қосаеваның сөзінше, қазақ қоғамы талқылап жатқан тақырыптар спектрі ұлғайып келеді.
– Саяси белсенділік, дамыған қор нарығы және мәдени бас тарту құбылысы, осы үш фактор Қазақстанда бедел институтының қалыптасуы мен дамуына түрткі бола алады, – деді маман.
СЕЗІМТАЛ ТАҚЫРЫПТАР МЕН "ТАНЫМАЛДЫҚ" ИММУНИТЕТІ
Америкалық Salon журналының саяси шолушысы Аманда Маркотт өз жазбасында "егер бізде әділдік мәдениеті болғанда, бас тарту мәдениеті қажет болмас еді" дегені бар. Сол себепті де қоғамның назарынан түспей жүрген сезімтал тақырыптарға қатысты "кәнсіл" кейстері көптің санасынан аз уақытта кете қоймайды. Десе де, кейбір танымал тұлғалар "кәнсілге" ұшыраса да, көп өтпей олардың мәселесі қоғам назарынан шығып қалады. Атап айтқанда, танымал әнші Төреғали Төреәлі сахнада бейәдеп сөз айтып, есірткіге масайған күйде көлік жүргізсе де немесе полицияны кемсітіп, Көлсайда жүрген туристер гидін қамшыласа да, оның әрекеттері қоғамда ұзақ талқыланбады. Өзге әнші Қайрат Нұртастың ұшақтағы төбелесі де үлкен резонансқа ұласпады.
Бірақ қазақ тілі туралы айтып, дауға қалған Chocofamily Holding құрылтайшысы Рамиль Мухоряпов, Qazaq Coffee желісі мен Envy спорттық дүкені, әйелін қатыгездікпен қинап өлтіргені үшін сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаев ісі мен "зорлық көрсетті деп айыпталған" актер Шәріп Серік төңірегіндегі "кәнсіл" үдерісі басылса да, қоғам санасынан өшпей тұр. Себебі олардың кейсі билік назар аудармаған, қордаланған мәселелерге, атап айтқанда, қазақ тілінің қолданысы мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты.
Заңгер Әйгерім Құсайынқызының ойынша, Төреғали мен Қайраттың әрекетін халық "еркелік" деп қабылдаған, себебі олардың қазақ қоғамындағы қолдаушылары көп. Құсайынқызы "бұл – мизогин қоғамның салдары", дейді.
Антрополог Индира Әлібаева кімнің "кәнсілге" ұшырауына азаматтардың кімдігі де әсер етеді.
– Халықтың басым көпшілігі сол қоғамдық тұлғаларға өзін ұқсатуы мүмкін. "Олардың қате әрекетін мен де істеп қоюым мүмкін. Ондай "еркеліктерді" мен болмасам да, туысым жасауы мүмкін" деп ойлайды. Соның есебінен "кішкене кешіріммен қарайық" дейтін пікірді тудыратын идентификация элементі рөл ойнауы мүмкін", – дейді ол.
Перизат Мырзахмет қоғамдық тұлға қанша танымал болса да, бас тартуға ұшырағанда белгілі бір деңгейде беделінен айырылады дейді. Оның сөзінше, оған "мәдениетсіз кәнсілдеу" ықпал етіп отыр.
– Кейде ащы мемдер шығып кетеді, кейде жеке басқа тиісу қатты болып кетеді. Мысалы, Нұртас Адамбай дінге кіргеннен кейін өз ұстанымдарын ашық айта бастады ғой. Сол кезде оның бұрынғы актерлік рөлдерін, "Келинка Сабинка" образын шығарып, оның бет-келбетіне дейін тиісіп кетті. Бұл – асыра шектен шығу, – дейді ол.
Антрополог Әлима Бисенова да мәдени бас тарту қоғамдық сотқа айналып кетпеуі маңызды дейді. Оның сөзінше, қоғам бірігіп объективті үкім шығаруы екіталай.
– Сот мүшесі немесе этикалық комиссия өкілі болу үшін адам арнайы дайындықтан өтеді. Олар шешім қабылдағанда кінәсіздік презумпциясы, жазаның сәйкестігі, рақымшылық сияқты ұстанымдарға сүйенеді. Ал қарапайым азаматтар бұл қағидалардан хабардар болғанымен, оларды тереңінен зерттемеген, мән-мағынасын толық түсініп, бойына сіңірмеген, – деді ғалым.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тізімде 70-ке жуық ғалымымыз бар". Қазақстанның ондаған зерттеушісі Ресейге кіре алмай отыр